Нұр-Сұлтан әкімі Алтай Көлгінов жұмыс сапасына ерекше мән бере отырып, құрылыс қарқынын арттыруды тапсырды, деп хабарлайды әкімдіктің ресми сайты әкімнің Инстаграм парақшасына сілтеме жасап.
"Жыл соңына дейін бірқатар қолжетімді әлеуметтік тұрғын үй саламыз. Қаланы аралау барысында жеңілдікпен берілетін үйлердің құрылыс барысымен таныстым. Көппәтерлі тұрғын үй кешендері қаланың әртүрлі аудандарында орналасқан.
Мәселен, Рыскелді қажы (Сарыарқа ауданы) мешіті жанында орналасқан тұрғын үйді жыл соңына дейін тапсырамыз. Мұнда кезекте тұрған 530 адам пәтер алады. Олар халықтың әлеуметтік әлсіз тобына жатады.
Сонымен қатар Алматы ауданы (метроға жақын) мен Жағалау ауданындағы тұрғын үйлердің құрылыс барысымен таныстым. Пәтерлердің жалпы саны 2 мыңнан асады. Олар кезекте тұрғандарға, тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің салымшыларына, Шаңырақ "5-10-20" тұрғын үй бағдарламасының қатысушыларына беріледі.
Жүргізіліп жатқан жұмыстардың сапасына ерекше назар аудара отырып, құрылыс қарқынын арттыруды тапсырдым", – деп жазды Алтай Көлгінов.