"Елорда" ардагерлер хоры мерейтойын тойлап жатыр

339

2008-ші жылы құрылған өнер ұжымы 15 жыл бойы еңбектеніп келеді.

"Елорда" ардагерлер хоры мерейтойын тойлап жатыр Фото: Астана әкімдігі

"Елорда" халықтық ардагерлер хоры бүгін мерейтойын тойлап жатыр. 2008-ші жылы құрылған өнер ұжымы 15 жыл бойы еңбектеніп келеді. Құрамы ауысқанмен бағыты сол қалпында қалған олар алдына үлкен мақсат қойған, деп хабарлайды Inbusiness.kz сайты.

Бүгін "Елорда" халықтық ардагерлер хоры көрермендерінің алдында есеп беріп жатыр. Себебі, ақ жаулықты әжелер мен ақ сақалды қариялардан тұратын топтың құрылғанына 15 жыл толды. Мұнда негізінен зейнеткерлер өнер көрсетеді. Бірақ олар әр түрлі еңбек жолынан өткен.

"Өскемендегі мырыш зауытында істеген, өмір бойы сонда істеген адамдар бар. Одан кейін бухгалтерлер бар. Мұғалімдер бар. Медицина саласында қызмет істегендер бар. Жан-жақтан келген. Бүкіл Қазақстанның түкпір-түкпірінен келіп осы жақта тоғысып отыр Астанада. Солар бір-бірін тауып. Қазір бір жанұя сияқты. Бірінсіз бірі тұра алмайды. Туған күндерін өткізеді. Мынадай іс-шараларға барады. Еш жерден қалып жүрген адамдар жоқ", - дейді Ардагерлер кеңесінің мүшесі Манап Әдірешев. 

Қоғамдық бастама негізінде құрылған ардагерлер хоры түрлі мерекелік шараларға белсене қатысып жүр. Әсіресе ұжым мектептерге барып жас ұрпаққа ұлттық нақыштағы әндерді насихаттауға көңіл бөледі.

"Адамдардың басын қосып Астана қаласында, жалғыз Астана емес, қасымыздағы Ақмола өңіріне, міне биыл концерттік бағдарламамен Шығыс Қазақстанға, Қатон-Қарағай ауданына барып бір жеті бойы өнер көрсетіп келді. Олардың бәрі міне өзі жастайынан ән айтып жүрген, қазақ әнші ғой, ағайлар мен апалар. Міне сексенге келсе де, сексеннен асқандары бар. Осы бірігіп бәрі, бір ұжым болып, осындай тамаша көрініс көрсетіп жатыр", - дейді Алматы ауданы ардагерлер кеңесінің төрағасы Марат Мұстафин.

Ұжым алдына үлкен мақсаттар қойған. Хор мүшелері халықаралық деңгейде ел намысын қорғағысы келеді.

"Адам армандау керек дейді, иә. Армандаса арманына жетеді дейді. Сондықтан Омбы қаласына барғымыз келеді. Түркияға барғымыз келеді. Жоспарымыз бар. Содан кейін енді тағы қандай фестивальдар болады, сол шақырған жерге Алла жазса барамыз", - дейді "Елорда" халық ардагерлер хорының жетекшісі Үміт Дүйсенова. 

Ардагерлер хорына кез-келген азамат мүше бола алады. Ол үшін музыкалық жетекшіге вокалдық қабілетін дәлелдеуі керек. Талапқа сай келген жанды қуана қабылдаймыз, дейді өнерпаздар.

 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу