Елорда әуежайында мас жолаушы "ұшақта бомба бар" деп айқалаған, деп хабарлайды inbusiness.kz ІІМ ақпараттық порталына сілтеме жасап.
Нұрсұлтан Назарбаев әуежайы терминалының стерильді аймағында "TURKISH AIRLINES" авиакомпаниясының Нұр-Сұлтан – Анталья әуе рейсіне жолаушыларды отырғызу кезінде бір жолаушы "ұшақта бомба" деп бірнеше рет айқайлаған.
"Әуежайдың борты мен стерильді аймағына дереу тексеру жүргізілді. Тексеру барысында қандай да бір жарылғыш құрылғылар мен басқа да тыйым салынған заттар табылған жоқ. Аталған факті бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 273-бабы (Терроризм актiсi туралы көрiнеу жалған хабарлау) бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды", – деп жазады ақпарат көзі.
Күдікті масаң күйде болған, өз кінәсін мойындаған. Қазіргі уақытта ол Нұр-Сұлтан қаласы ПД-ның уақытша ұстау изоляторына қамалған.
ҚР ҚПК-нің 201-бабының талаптарына сәйкес, өзге де мәліметтер тергеу мүддесіне орай жария етілмейді.