Осы тармақтарда бірінші және екінші компонентті екпелерді алуға болады. Вакциналардың қолда бар дозаларымен егуге болады. Бүгінгі таңда елордада екпелердің 3 түрі бар: ресейлік "Спутник V", отандық "QazVac" вакцинасы және қытайлық "Sinopharm VeroCell" препараты.
"Жалпы қалада бірінші компонентпен тиісті контингенттің 66%-дан астамы қамтылған. Осы жұмысты жақсарту және халықты көбірек қамту мақсатында біз вакцинация пунктерін тағы екі ұйымда – көптеген азаматтар жиналатын жерлерде орналастырамыз", – деп атап өтті басқармада.
"Нұрлы Жол" ТЖ вокзалындағы вакцинация аймағы 4-қабатта, әуежайда 1-қабатта халықаралық және ішкі терминал арасындағы өткелде орналасқан. Жұмыс кестесі күн сайын сағат 10:00-ден 20:00-ге дейін.
"Коронавирустық инфекцияға қарсы екпе алуда халыққа қолайлы болу үшін барлық шаралар қабылданды. Азаматтар екпенің көмегімен ғана пандемияны жеңе алатынымызды есте сақтаса екен деймін. Біз инфекцияны жеңуге жақындап қалдық деуге болады, бірақ вирус әлі де бар. Барлығы өзіміздің қолымызда – вакцинацияға саналы қарым-қатынас таныту, коронавирус ауруын таратпау азаматтық міндетіміз", – деп атап өтті ведомствода.
Қазіргі уақытта қала бойынша сауда ойын-сауық орталықтары және сауда үйлері жанында 5 вакцинация пункті орналасқан: "Керуен", "Хан Шатыр", "Азия Парк", "Абу Даби Плаза" сауда ойын-сауық орталықтары және "Евразия" сауда орталығы. Вакцинация пунктері медициналық мекемелерде де орналасқан. Барлығы 84 вакцинация пункті, сондай-ақ еңбек ұжымдарын вакцинациялау үшін көшпелі бригадалар жұмысын жалғастыруда.