Елорда әуежайында Астана-Алматы рейсіне тіркелу кезінде қазақстандық жолаушы өзінде жарылғыш заттың бар екендігі туралы әзілдеп айтқан. Осы ақпаратқа сүйене отырып, елордалық әуежайдың авиациялық қауіпсіздік қызметі дабыл қақты, деп хабарлайды Inbusiness.kz.
Авиациялық қауіпсіздік қызметі құқық қорғау органдарымен бірлесе отырып, әуежай аумағын күдікті заттардың бар-жоғын тексерді.
Елорда әуежайынан хабарлағандай, ер адамға қатысты ҚР Қылмыстық кодексінің 273-бабы "Терроризм актісі туралы көрінеу жалған хабарлау" бойынша қылмыстық іс қозғалды.
"Авиациялық Қауіпсіздік Басқармасы қазақстандықтарды өз мінез-құлқына жауапкершілікпен қарауға, сондай-ақ қол жүгі мен багаж бөлігінде тасымалдауға тыйым салынған заттардың тізімімен алдын ала танысуға шақырады", - делінген Астана қаласы әуежайының баспасөз хабарламасында.