2019 жылы Елордада түрлі форматтағы және ауқымдағы 600-ден астам шара ұйымдастырылды, олардың 180-і – халықаралық деңгейдегі шаралар. Бұл туралы Нұр-Сұлтан қалалық кәсіпкерлікті дамыту және инвестициялар басқармасына сілтемемен ҚазАқпарат хабарлайды.
2019 жылы бас қалада ұйымдастырылған ең маңызды шаралардың қатарында отандық өндірушілердің "ULTTYQ ÓNIM" көрмесі, Астана экономикалық форумы, Азия жазушыларының І-ші форумы, Қазақстан машина жасаушыларының VII-ші форумы, Сот басқаруы жөніндегі Халықаралық қауымдастықтың 14-ші конференциясы, 2019 жылғы Жаһандық Инновациялық Саммиті, PATA TravelMart 2019 халықаралық туристік көрме, Еуразия мемлекеттері парламенттері спикерлерінің IV-ші жиыны, XII KAZENERGY Еуразиялық форумы, DigitalBridge 2019 және SeedstarsSummit CEE 2019 форумдары бар.
Сонымен қатар, биылғы жылы Нұр-Сұлтан қаласында әлемнің үздік спортшылары хоккей, грек-рим күресі, еркін және әйелдер күресі, грэпплинг, киокушинкай каратэ және пауэрлифтинг бойынша әлем чемпионаттарында бақ сынады, триатлон және "Ironman 70.3" әлем кубоктарында және "Астана Марафон 2019" шарасында жарысқа түсті.
Шілде айында елордада әуе индустриясы саласының 350 өкілінің қатысуымен RoutesSilkRoad атты әуежайлар мен әуе жолдарының форумы өтті. Шараның қорытындысы бойынша Нұр-Сұлтан қаласы және Қытай Халық Республикасының қалалары арасында жаңа рейстерді ашу жоспарланды.
Қазан айында 80 елдің 1,6 мың делегатының қатысуымен қала туризмі бойынша 8 ЮНВТО Жаһандық Саммит өтті.
Оқиғалық туризм шеңберінде өткен жылы Нұр-Сұлтан қаласына 15 мың шетелдік турист тартылды. Олардан келген тікелей кіріс 1,9 млрд теңгені құрады.
Келесі жылы бас шаһарда SmartCity EXPO World Congress, 12-ші БСҰ-ның Министрлік конференциясы, InvestPro, MachExpoKazakhstan 2020 Бизнес-конференциясы, AgriTek Nur-Sultan 2020, Nur-Sultan Mining&Metallurgy Congress (NММ) 2020, TravelExpo Nur-Sultan сынды ірі шараларды өткізу жоспарланған.
Сонымен қатар, FiradeBarcelona көрмелік ұйымымен SmartCityExpoWorldCongress көрмесін ұйымдастыру жөнінде келісімге қол жеткізілді.