Дистрибьюторлар дәрі-дәрмектерді қала дәріханаларына таратуды қолға алды, деп хабарлайды Нұр-Сұлтан әкімдігінің ресми сайты.
Екі күн ішінде қалаға Covid-19, пневмония және басқа да ауруларды емдеуге арналған 1,200 млн-нан астам дәрі-дәрмек қаптамасы жеткізілді. Қазіргі уақытта дәрі-дәрмектер "Феникс", "Гиппократ", "Цветная", "Максима Фарм", "Частная", "Медилаб", "Салауат", "А-Фарма" және басқа да ірі дәріхана желілеріне бөлінуде.
"Қазіргі уақытта клиенттерге дәрі-дәрмектер жөнелтіліп жатыр, кеше түні бойы дайындадық. Таңнан бері 5 газель машинасын жібердік, тағы екі көлікке дәрі-дәрмек тиелуде", – дейді "Inkar" ЖШС директоры Ақмарал Манауова.
"Бүгін "Гиппократтан" дәрі-дәрмек сатып алдым. Антибиотиктерден бастап, дәрігер жазып берген дәрінің бәрін алдым. Барлық дәрі-дәрмектер сатылымда тұр, келген адамның ешқайсысы бос қайтқан жоқ. Кезек көп емес, 5-6 адам ғана. Бұл да қуантады", – дейді елордалық зейнеткер.
Бұған дейін хабарлағандай, екі күн ішінде елордаға 1,2 млн-нан астам дәрі-дәрмек қаптамасы жеткізілді. Келген тауарлардың тізімінде шамамен 400 дәрі-дәрмек түрі бар, атап айтсақ: ксарелто, цефтриаксон, клексан, азитромицин, дексаметазон, метилпреднизолон, ибупрофен, нимесулид, кардиомагнил, левофлоксацин, метронидазол, гепарин, нимесулид, ибуфен, парацетамол, офлоксацин және басқалар.
Барлық дәрі-дәрмектер қала дәріханаларына бөлінуде. Дәрі-дәрмектерді дәріханаларға жеткізу тұрақты түрде жүргізілетін болады.