Биыл елорда күнін мерекелеу аясында 108 шара өткізіледі, деп хабарлайды қала әкімдігінің ресми сайты.
Ең маңызды оқиғалар – елорда күніне арналған мерекелік шараларға бастау беретін Мемлекеттік ту көтеру салтанаты, Димаш Құдайбергеннің "Арнау" концерті, "Азия жаңғырығы" цирк өнерінің фестивалі, әлем суретшілерінің "Astana Art Show" көрмесі, мәскеулік "Современник" театрының гастрольдері және шілденің 5-і мен 6-сы күндері "Бәйтерек" монументінің алдындағы ашық алаңда өтетін "The Spirit of Eurasia" халықаралық фестивалі.
Ресейдің ең танымал театры – "Современник" ұжымы Бейбітшілік және келісім сарайының сахнасында 2 спектакль қояды: 3-4 шілдеде сағат 19:00-де – "Горе от ума", 6-7 шілдеде 17:00-де – "Вишневый сад".
Мерейтойлық "Астана самалы" Х халықаралық үрмелі аспаптар оркестрі Нұр-Сұлтан қаласында 4-6 шілде аралығында өтіп, Қазақстан мен шет мемлекеттердің үздік үрмелі оркестрлерінің басын қосады. Биылғы қатысушылар қатарында Нижний Тагилдің үрмелі оркестрі, Алматы шекара әскерлерінің үрмелі оркестрі, Қостанай қаласының үрмелі оркестрі, ҚР ІІМ Ұлттық ұланының үрмелі оркестрі, ҚР Президенттік гвардиясының үрмелі оркестрі бар. Аталған ұжымның бәрі елорда тойын әуезді музыкамен әрлей түсері анық.
Мерекелік шараларды Ұлттық домбыра күніне арналған үлкен концерт қорытындылайды. Биыл ол 7 шілде күні "Қазақ елі" монументінің алдындағы алаңда ұйымдастырылады. Шараға ниет білдірген әр адам қатыса алады, ол үшін домбырамен "Сарыарқа", "Адай", "Әлқиса", "Көңіл толқыны", "Балбырауын" және "Көроғлы" күйлерін орындай білу шарт.
Тұрғындарды салауатты өмір салтына тартуға және бұқаралық спортты дамытуға бағытталған 25 спорттық шара жоспарланған. Соның ішінде джиу-джитсудан Nur-Sultan Grand Prix халықаралық турнирі, дуатлоннан қалалық турнир, кәсіпқой бокс кеші және т.б. бар. Елорда күнін мерекелеуге арналған шаралар туралы толық ақпарат www.astanaday.kz сайтында жарияланады.