Астана қаласының маңайында парашютпен секіру кезінде мерзімді қызметтегі сарбаз қаза тапты, деп жазады inbusiness.kz Қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
"2023 жылдың 18 қаңтар күні Астана қаласының маңайында парашютпен жоспарлы секіру бойынша оқу-жауынгерлік тапсырмаларын орындау барысында мерзімді қызметтегі сарбаз қаза тапты. Оқиғаның себептері мен мән-жайы анықталуда. Қазіргі кезде тексеріс жүргізіліп жатыр. Әскери қызмет адам өміріне әр уақытта қауіп пен қатерге толы. Командирлер үшін өз жауынгерін жоғалту – ауыр қаза", - деді ҚР Қарулы күштері Құрлық әскерлерінің Бас қолбасшысы генерал-майор Талғат Қойбақов.
Оның сөзінше, әскери қызметші 2022 жылдың көктемінде Қарағанды қаласынан әскер қатарына шақырылған.
"Командирлері мен қызметтестері арасында үлкен беделге ие болған еді. Қызметінде үнемі жақсы жағынан көрінетін. Борышын өтеуге келгелі бері әскери істі үйренуге ерекше ынта танытып жүретін. Өз ата-анасының айбынды ұлы, нағыз патриот және қызметтестері арасында үлгілі азамат болды. Қарулы Күштердің басшылығы мен жеке құрамы сарбаздың отбасы мен жақындарына орны толмас қазасына ортақтасып, қайғыра көңіл айтады", - деді ол.
Талғат Қойбақовтың айтуынша, Қорғаныс министрлігінің тарапынан әскери қызметшінің отбасына көмек көрсету бойынша барлық қажетті шаралар қабылданатын болады.