Елорда мен Алматыда танымал ғимараттар көк түске оранады

680

Біріккен Ұлттар Ұйымының құрылғанына 75 жыл толды.  

Елорда мен Алматыда танымал ғимараттар көк түске оранады

Біріккен Ұлттар Ұйымы биылғы 75 жылдық мерейтойын онлайн атап өтті. Бұл мерейтой әлемдегі экономикалық және әлеуметтік ауыртпалықтар мен жаһандық күйзеліс кезіне тұспа-тұс келіп отыр.

"БҰҰ75: Ортақ мақсат – ортақ болашақ" атты мерекелік іс-шараның шымылдығын ашқан Сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеуберді екінші дүниежүзілік соғыстан кейінгі әлемдегі бейбітшілік пен қауіпсіздікті сақтау, экономикалық және әлеуметтік өркендеуге жәрдемдесу үшін құрылған Біріккен Ұлттар Ұйымын құттықтады. Министр еліміздің қауіпсіздік, орнықты даму және адам құқықтарын қорғау сынды Біріккен Ұлттар Ұйымының үш негізгі саласына сүбелі үлес қосып келе жатқанын тілге тиек етті.

"БҰҰ шын мәнінде ауқымды әрі баламасыз ұйым болып қала беретініне сенімдімін. Біз бірде-бір адамды қолдаусыз, көмексіз қалдырмау жөніндегі міндетімізді нақтылауға, сондай-ақ дүниежүзілік ұйыммен өзгермейтін тілектестігімізді тағы да растауға тиіспіз", – деді Сыртқы істер министрі.

БҰҰ-ның Қазақстандағы Тұрақты үйлестірушісі міндетін атқарушы Якуп Бериш қиын-қыстау кезде БҰҰ елімізге әрқашан көмек қолын созатынын жеткізді.

"БҰҰ-ның Қазақстандағы өкілдігі жұмыс істей бастағаннан бері Ұйымның Елдік тобы тұрақты даму мақсатына жету үшін Қазақстан халқы мен үкіметіне айтарлықтай қолдау көрсетіп келеді. Осыған байланысты Үкімет, азаматтық қоғам, ғылыми қауымдастықтар, жеке сектор, бұқаралық ақпарат құралдары, халықаралық қоғамдастықтар сынды серіктестер мен Біріккен Ұлттар Ұйымы өзі қатысатын ұлттық басымдықты шоғырландыру және ресурстарды жұмылдыру арқылы, 2030 жылға дейінгі күн тәртібіндегі міндеттерді жүзеге асырудың тетігі ретінде БҰҰ-ның тұрақты даму жөніндегі ынтымақтастығының жаңа Шеңберлік бағдарламасын қарастырып жатыр", – деп айтып өтті Якуп Бериш.

Мерейтойда белгілі музыкант, Нұр-Сұлтан қаласы филармониясының симфониялық оркестрінің дирижері Ернар Нұртазин "Назқоңыр" және "Балбырауын" атты әйгілі шығармалардың кавер нұсқасын орындады.

"Біз осы жұмысымызды бүкіл әлемді бейбітшілікке, дамуға және гүлденуге шақыратын жолдауымызды көрермен қауым сезіне алатындай оңтайлы етіп жасауға тырыстық", – деп музыкант жобадағы жұмысы туралы әсерімен бөлісті.

Айта кетсек, UN75 жаһандық науқаны аясында әлемдегі 200-ден астам ғимарат пен көпір көк түске енеді. Халықаралық науқанға Қазақстан да қосылды. 23-24 қазан аралығында Нұр-Сұлтан және Алматы қалалары тұрғындары мен қонақтары "Бәйтерек" монументі, "Қазақстан темір жолы" ғимараты және "Қазақстан" қонақ үйі сынды көрікті жерлердің Біріккен Ұлттар Ұйымының мерекелік көк түсіне боянып, жарық шашқанын көре алады.

Нұржан Көшкін

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу