Алғыс айту мерекесін Астана перзентханаларының дәрігерлері мен науқастары да атап өтті. Науқастар ақхалатты абзал жандардың еңбегі үшін жылы лебіздерін жеткізді, деп жазады inbusiness.kz елорда әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасап.
"Алғыс күні – ізгі мейрам. Ең алдымен жауапты, ізгі іс атқарып жүрген әріптестеріме алғыс білдіремін. Бүгінгі акцияның мақсаты – сыйластық пен достық секілді халқымыздың игі құндылықтарын дәріптеу", — деді дәрігер Анар Қыстаубаева.
Дәрігерлерге шексіз ризашылығын білдіріп, игілікті акцияға атсалысқан жандардың бірі Юлия есімді қала тұрғыны 5,2 кг ауыр салмақта батыр ұлды дүниеге әкелген. Ауыр асқынулармен түскен науқас ұлын аман-сау өмірге әкелуге бірден-бір кәсіби көмек көрсеткен ақхалатты жандарға ризашылығын білдірді.
"Маған ота жасап, қамқорлық танытқан дәрігерлеріме үлкен алғыс. Дәрігер атану — ұзақ әрі қиын, жауапты қызмет. Бұл жолды таңдаудың өзі – батырлық", — деді ол.