Астанада "Creative Aimaq" республикалық жобасы аясында "Маңғыстау: Тамыр. Талғам. Креатив" өңірлік креативті жәрмеңкесі өтті, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
"Маңғыстау: Тамыр. Талғам. Креатив" жәрмеңкесі – өңірдің тарихи мұрасы мен заманауи шығармашылық әлеуетін бір арнаға тоғыстырған бірегей алаң.

"Қазіргі таңда 200-ден аса креатор арнайы сайтқа тіркеліп, өздерінің жобаларымен жұмыс істеп жатыр. Бұл жәрмеңкеге ерекше дайындықпен келдік. Алты тақырыптық аймақ ұйымдастырылды, әр аймақтың өзінің атауы, идеологиясы, мән-мағынасы бар. Сонымен бірге Маңғыстаудың табиғатын паш ету мақсатында Ыбықты сай атты арнайы жасалған көрмеміз де бар. Жәрмеңкенің негізгі мақсаты – өңірлік креаторлардың мүмкіндігін арттыру, олардың әлеуетін әрі қарай насихаттау және дәріптеу", – деді Маңғыстау облысы мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының басшысы Нұртас Сали.
Айтуынша, жәрмеңкеге Маңғыстаудан 40-тан астам креатор келген. Олардың қатарында зергерлер, суретшілер, қолөнер шеберлері, сән дизайнерлері, авторлық брендтердің негізін қалаушылар мен жас креаторлар бар. Көрмеге 1800-ден астам авторлық туынды қойылды.
Маңғыстау өңірінен сайланған Құрылтай депутаты Аббат Өрісбаевтың сөзінше, мұндай іс-шараның ұлттық мәдениетті насихаттауда мәні зор.
"Қазірдің өзінде жыл сайын Маңғыстауға келетін туристер саны артып келеді. Шетелдіктер өңірдің табиғи ландшафттарына қызығады. Мысалы, Бозжыра – өте танымал жер. Туристер жергілікті қолөнер шеберлерінің туындыларын да тамашалайды. Жалпы айтқанда, Қазақстанда қолөнер шеберлігі өте жақсы дамыған", – деді депутат.
Балгүл Жасмағамбетова – гобелен өнерінің шебері. Ол этно стильдегі брошь пен сәндік тоқыма бұйымдарын жасайды. Сондай-ақ табиғи жүннен суреттер де салады.

"Сурет құрғақ жүн басу техникасы арқылы дайындалады. Әрбір элемент иненің көмегімен жасалады. Егер эскиз дайын болса картинаны дайындап шығаруға бір апта кетеді. Ал кейде үш айға дейін уақытты талап етеді. Менің негізгі мамандығым – сәндік өнер суретшісі. Соның ішінде гобелен тоқуға маманданғанмын", – деді Балгүл Жасмағамбетова.

Жас креатор Есбол Азан жәрмеңкеде SARDAR атты бірегей нарративті ойынды таныстырды. Жобаның басты ерекшелігі – жасанды интеллект негізінде жұмыс істейтін ойын кейіпкерлері.
"Ойын төл мәдениет, тарих пен салт-дәстүрге негізделген. Бүгінгі таңда ойындағы көптеген дәстүрлер нақтылану үстінде. Жобаны үлкен команда жасап жатыр. Ойынның релизі келесі жылы Наурыз мейрамына орай шығады. Оны кез келген адам компьютер арқылы тегін түрде ойнай алады. Ал мобильді нұсқасы кейінірек шығады. SARDAR ойынында жас шектеулері жоқ. Балаларға, орта және ересек жастағы адамдарға бөлек ойын сюжеттері қарастырылған", – деп түсіндірді ойын авторы.
Зергерлік өнердің дамуына атсалысып жүрген Қайрат Қуандықовтың сөзінше, соңғы уақытта ұлттық нақыштағы зергерлік бұйымдарға сұраныс артқан. Шебердің туындылары Маңғыстау өңірінде ғана емес, республика көлемінде да танымал.

"Мен негізінен бес қару шеберімін әрі зергермін. Қазақ қолөнерімен айналысқаныма 30 жылдай болды. Оның ішінде зергерлік бұйымдарды жасап жүргеніме 15 жыл. Көрмеге өз туындыларымызды әкелдік. Олардың қатарында ер-тоқым, әшекейлер, күміс қамшылар бар", – деді зергер.
Көрмедегі бірегей туындылардың бірі – табиғи тас, декоративті материалдармен көмкерілген кескіндемелер. Ұлттық нақыштағы туындыларға әшекейлер ерекше көркемдік береді. Бұл – суретшілер Инна Ермакова мен Әсел Мурзагалиеваның туындылары.

Екі күнге жоспарланған жәрмеңкеде Маңғыстаудың бай мәдениеті, табиғи ерекшелігі мен шығармашылық әлеуетімен жіті танысуға болады. Жәрмеңке аясында өнерпаздардың қатысуымен салтанатты концерттік бағдарлама да жоспарланған.
