Бас қаланың көрнекі орындарына қазақтың ұлы ғұламаларының өнегелі сөздері ілінді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
"Бас қаламыздың көрікті жерлерінде тарихи тұлғаларымыз бейнеленген және ұлыларымыздың ұлағатты сөзі жазылған билбордтар, пилондар іліне бастады. Бұл – екінші лек. Былтыр 40-50-ге жуық билборд эскизі қаламыздағы аялдамаларға, көше мен даңғыл бойларына, парктерге ілінген болатын. Олар әлі тұр. Енді олардың қатарын 100-ге жуық жаңа билборд толықтыра бастады", – деп жазды Нұр-Сұлтан қалалық тілдерді дамыту және архив ісі басқармасы басшысының орынбасары Сәкен Есіркеп өзінің Facebook парақшасында.
Оның айтуынша, бұл үрдіс алдағы уақытта да жалғасын табады.
Еске сала кетсек, Нұр-Сұлтанның көрнекі орындарына ұлылардың өнегелі сөздерін ілу дәстүрі өткен жылдың жазында басталды.