2016 жылы BI Group құрылыс компаниясы Нұр-Сұлтандағы Есіл өзенінің жағасында триатлон паркін салып, қаланың 18-жылдығына тарту еткен. Парк Бауыржан Момышұлы көшесі, Шалқыма көпірі мен Ақбұлақ шағын ауданының ортасындағы орналасқан. Ал осыдан бір апта бұрын Айдын Рахымбаев басқаратын құрылыс компаниясы парктің көлік тұрағының қасынан 22 қабатты екі элит класстағы тұрғын үй кешенін салуға кірісті. Алайда аудан тұрғындары бұндай нысанның бой көтеруіне қарсы.
"Біздің ауданның инженерлік желілері 80 пайызға ескірген. Кейде су жетпейді, кейде жілу дұрыс берілмейді. Ал жаңа үйге бөлек желілер қарастырылмаған. Құрылысты BI Group компаниясы жүргізіп жатыр. Рұқсатты қалай алғанын білмейміз. Біріншіден суды қорғау аймағындағы жер, парктің дәл жаны. Ешқандай қоғамдық талқылау жүргізілген жоқ. Бізден ешкім сұраған жоқ", – дейді Ақбұлақ-3 шағын ауданының тұрғыны Оксана Ушкевич.
Тұрғын-үй кешенінің аумағында бұрын кафе, ойын алаңдары мен демалыс аумағы болғанын еске түсіреді астаналықтар. Қазір триатлон паркінің Амман көшесі жағынан кіретін тұрағының маңында ор қазылып, 20-дан астам арнайы техника жұмыс істеп жатыр.