Елорда тұрғындары өздері жинаған қоқыс үшін ақша ала алады

886

Елорда тұрғындары өздері жинаған қоқыс үшін ақша ала алады

Жыл басынан қалада "Жасыл таңдау" жобасы іске асырылып жатыр, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты. 

Енді астаналықтар өңделетін өнімдерді эко-пункттерге тапсырып, ол үшін ақша ала алады. 

Astana clean time компаниясы аталмыш жобаны жыл басынан жүзеге асырып жатыр. Бүгінгі таңда қайта өңдеу шикізатын қабылдау эко-пункттері "Северное сияние", "Достар", "Достар 2", "Достар 3", "Арман қала", "Эдем палас" тұрғын үй кешендері аумағында, "Шапағат" базарының ауданында орналастырылған. 

"Мұндай пункттерді ашуға қатысты идея жыл басында пайда болды. Біз қоқысты бөліп жинауға қатысты шет елдердің тәжірибесін зерттеп, жапондық нұсқаны таңдадық. Пункттерде белгіленген бағалар бойынша тұрғындардан шикізат қабылданады. Бізде халықтың әлеуметтік жағынан осал топтарына жататын азаматтар, зейнеткерлер, мүмкіндігі шектеулі жандар жұмыс істейді", - деп әңгімелеп берді Astana clean time компаниясының бас директоры Тимур Исмагулов. 

Эко-пункттерде ескі қағаздар, ақ қағаздар, қаңылтыр құтылар, целлофандар мен шыны ыдыстар қабылданады. Азаматтар ақшаны әр келі үшін алатын болады. Бағалар өнім атауына байланысты келісі үшін 20-70 теңге көлемінде. 

"Қазіргі таңда 9 пункт жұмыс істейді.  Бір пункттен күніне 500 келіге дейін аламыз. Бұдан бөлек, біз қоқысты пункттерден "Шанхай" базары ауданындағы базаға жеткізетін 5 эко-мобильді сатып алдық. Шикізат базада өңделеді. Бізде өңделмейтін өнімдерді Алматы және Петропавловск қалаларына жібереміз", - дейді компанияның директоры. 

Оның айтуына қарағанда, тұрғындар көбіне картон мен бөтелкелерді тапсырады. 

Алдағы уақытта компания қалдықтарды қабылдау пункттерінің санын 22-ге дейін арттырып, қабылданатын өнім атауларының тізімін де ұлғайтпақ ниетте.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу