Астанада 47 жастағы ер адам бір күн ішінде қоғамдық орындарда бірнеше рет тәртіп бұзып, азаматтардың полицияға үш мәрте шағымдануына себеп болды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Алғашқы оқиға қалалық автобуста тіркелген. Мас күйінде болған ер адам балағат сөздер айтып, жолаушы әйелмен жанжал шығарған. Оқиғадан кейін әйел полицияға жүгінген.
Автобустан түскеннен кейін ол аялдамада тағы бір әйелмен сөзге келіп, оған да әдепсіз сөздер айтқан. Кейінірек ер адам велосипедшімен жанжалдасып, оның велосипедін лақтырып жіберген. Осы оқиғадан соң велосипед иесі де полицияға арыз жазған.
Полиция қызметкерлері құқық бұзушыны анықтап, ұстады. Оған қатысты екі рет ұсақ бұзақылық жасағаны және қоғамдық орында мас күйінде жүргені үшін әкімшілік хаттамалар рәсімделді.
Сот шешімімен ер адам 10 тәулікке әкімшілік қамауға алынды.
Полиция қоғамдық тәртіпті бұзу, агрессивті мінез-құлық таныту және айналадағы адамдарға құрметсіздік көрсету заң алдында жауапкершілікке әкелетінін еске салды. Сондай-ақ азаматтарды қоғамдық орындарда тәртіп сақтап, әдеп нормаларын ұстануға шақырды.