Елорда Ұлы Жеңістің мерейтойы қарсаңында түрлене түсті

1084

Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 75 жылдығы отшашу, салтанатты шерулерсіз өтеді. 

Елорда Ұлы Жеңістің мерейтойы қарсаңында түрлене түсті  Фото: astana.gov.kz

9 мамыр күні Ұлы Жеңістің 75 жылдығы өлшеусіз даңқтың, өшпес қаһармандық ерліктің, халқымыздың шексіз, мұқалмас қайратының мерекесі ретінде атап өтіледі. Ұлы Жеңіс күні бейбітшілікті сүйгіш барша адамзаттың мерекесі. Бүгінгі жеңімпаз ұрпақтың балалары мен немерелері үшін жарқын да қасиетті мереке.

Қала көшелерінде әдеттегідей халық көп емес, дегенмен, елорда үлкен мереке қарсаңында екені аңғарылады. Мерекелік рәміздер барлық жерде: жалаушалар мен Жеңіс күнінің белгілері жазылған көптеген плакаттар ілініп, аялдама павильондарында Отан қорғаушылар күнімен және 9 мамыр мерекесімен құттықтаулар ілулі тұр.

Соңғы жылдары қалыптасқан дәстүр бойынша, орталық даңғылдардың бойында Ұлы Отан соғысының батырлары бейнеленген билбордтар ілінген.

Қазір көзі тірі қырық төрт соғыс ардагері бар. Олардың ең жасы тоқсаннан асқан.

Соғыс жылдары сол кездегі Ақмола облысынан 14 723 адам аттанып, олардың жартысына жуығы майдан даласында қаза тапты.

Біздің аталарымыз шайқаста теңдесі жоқ ерліктерімен ерекшеленіп, 44 жауынгер Кеңес Одағының Батыры атағына ие болды. Екі мәрте Кеңес Одағының Батыры, ұшқыш Талғат Бегелдинов, Кеңес Одағының Батыры, тәуелсіз Қазақстанның бірінші қорғаныс министрі Сағадат Нұрмағамбетов, Рейхстаг үстінде Жеңіс туын көтерген алғашқы Халық Қаһарманы Рақымжан Қошқарбаевтар Сарыарқа даңқын бүкіл әлемге жайды. Солардың және басқа майдангерлердің, сондай-ақ тыл еңбеккерлерінің естеліктері кеше ғана жарық көрген "Ұлы Жеңіс ешқашан ұмытылмайды" кітабында жинақталған.

Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 75 жылдығы отшашу, салтанатты шерулерсіз өтеді, деп хабарлайды әкімдіктің баспасөз қызметі.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу