Елордада 1000 отбасыға азық-түлік себеті үлестірілді

362

Qazaq Oil компаниясы демеушілік көмек көрсетті.

Елордада 1000 отбасыға азық-түлік себеті үлестірілді Фото: Qazaq Oil

Астанада Республика күніне орай мыңға жуық мұқтаж отбасыға азық-түлік себеті үлестірілді. Қайырымдылық акциясын өткізуде қалалық әкімдік бастамашылық білдірсе, Qazaq Oil компаниясы демеушілік көмек көрсетті. 2023 жылы Астана қаласының әкімдігі мен Qazaq Oil компаниясы халықтың әлеуметтік осал топтарынан шыққан отбасыларға көмек көрсету аясында өзара іс-қимыл бойынша меморандум жасасқан болатын. Бүгін қаланың әр бес ауданына 200 азық-түлік себетінен таратылды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Азық-түлік себетінің жалпы салмағы 45 тоннадан асады. Игі іс аясында тиісті көмек қаладағы әлеуметтік осал топтағы азаматтар, атап айтқанда, көпбалалы отбасылар, жалғызбасты аналар, зейнеткерлер, ерекше балаларды тәрбиелеп отырған отбасыларға берілді. Әр себеттің ішінде ұн, макарон, қарақұмық, сұйық май секілді әлеуметтік маңызы бар азық-түліктен бөлек, тұрмысқа қажетті тауарлар да бар. Бір қораптың құны 30-35 мың теңге болады. 

Астана қаласы әкімінің кеңесшісі Қуаныш Молдабектің айтуынша, бұл 2023 жылдан бастап Qazaq Oil компаниясымен бірлесіп басталған сегізінші акция. Ол басқа да меценаттар мен бизнес өкілдерін осындай қайырымдылық шараларына белсенді қатысуға шақырды. 

"Бұл акцияның басты ерекшелігі – оның бір реттік емес, тұрақты түрде өтуінде. Qazaq Oil компаниясы әкімдікпен бірге әр тоқсан сайын қолдауға мұқтаж адамдар арасында бір мың азық-түлік себетін үлестіреді. Біз үшін бұл әлеуметтік бастамаға үлес қосу аса маңызды. Адамдардың өміріне аз да болсын, осындай оң өзгерістер енгізгіміз келеді", - деді Qazaq Oil PR-департаментінің басшысы Анель Еликбаева.

Әкімдік көмекке мұқтаж отбасылардың тізімін алдын ала дайындаған. Екі күн бойы 100-ден аса ерікті қораптарды жинауға өз үлесін қосты. Таңертең қоймада азық-түлік себеттерін көліктерге тиеп, отбасыларға таратты. 

Ұлттық мереке қарсаңында азық-түлік себетімен қамтылған елордалықтар өз ризашылықтарын білдірді. Соның бірі – сегіз баланың анасы, "Алтын алқа" иегері Гүлшат Ерімбетова.

"Көпбалалы отбасыларды осылай елеп-ескеріп, құттықтап жатқандарыңызға рақмет. Qazaq Oil компаниясына алғысымды айтамын. Бес балам мектепте оқиды. Қазір үш кішкентай баламмен үйде отырамын. Пәтер жалдап тұрамыз, үй кезегінде тұрмыз. Қазақ елін келе жатқан ұлттық мерекемен құттықтаймын. Еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын. Әрбір отбасында тыныштық пен бақыт болсын", - деді қала тұрғыны.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу