Елордада 2 мыңнан астам отбасының балалары тегін балабақшамен қамтылады

667

Қыркүйек айынан бастап аз қамтылған және көпбалалы отбасыдан шыққан балаларды мектепке дейінгі білім берумен толық түрде қамту жоспарланған.

Елордада 2 мыңнан астам отбасының балалары тегін балабақшамен қамтылады

Көп балалы және аз қамтылған отбасыдан шыққан 2 мыңнан аса астаналық бүлдіршін балабақшаға тегін барады. Бұл туралы Нұр-Сұлтан қаласы білім басқармасының басшысы Әнуар Жанғозин қалалық мәслихаттың отырысында мәлім етті, деп хабарлайды Елорда Инфо.

Басқарма басшысы елордалық аз қамтылған және көпбалалы отбасыдан шыққан балаларды мектепке дейінгі білім берумен қамту жұмыстарының белсенді түрде жүріп жатқанын айтып өтті.

"Бүгінгі күнге дейін бізге аталған әлеуметтік статусқа ие азаматтардан 1 мыңнан астам өтініш келіп түсті. Соның 700-ден астамы балабақшамен қамту көмегін сұрады және ол 700 өтініштің барлығының мәселесі шешілді. Оның ішінде негізгі бөлігін балабақшамен қамтысақ, қалғанын шағын орталықтардың қызметін ұсыну арқылы шештік. Осы тұрғыда жеке кәсіпкерлердің де үлесі зор екенін айтып өткен жөн. Және бұл жұмыс әрі қарай жалғасатын болады", ­– деді ол.

Сонымен қатар Әнуар Жанғозин қала әкімінің аз қамтылған және көпбалалы отбасыдан шыққан балаларды мектепке дейінгі білім берумен толық түрде қамтамасыз етуді тапсырғанын айтты.

"Негізі жоспарымыз бойынша қыркүйек айынан бастап 2 мыңнан астам көпбалалы және аз қамтылған отбасының балаларын балабақшамен тегін қамтуды көздеп отырмыз", – дейді басқарма басшысы.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу