Биыл оларға екі бағыт – сауықтыру және жұмыспен қамту бойынша 200 мыңға жуық оқушы қамтылады, деп жазады inbusiness.kz елорда әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасап.
"2023 жылдың жазғы кезеңінде жазғы демалыстың барлық түрлерімен 197 869 оқушы немесе 1-10 сынып оқушыларының жалпы санының 98% қамтылатын болады. 85 мектепте бастауыш сынып балаларына арналған мектеп жанындағы лагерлер ұйымдастырылды. "Арман" және "Боровичок" спорттық-сауықтыру лагерінде 2800 бала демалады, оның ішінде 2050 жетім және көпбалалы, аз қамтылған отбасылардан шыққан балалар бар", -деп хабарлады спикер.
Сонымен қатар, 2023 жылдың 5 маусымы мен 16 шілдесі аралығында Әл-Фараби атындағы Оқушылар сарайы "Балалықтың бойтұмары" жазғы демалыс академиясын үш маусым бойынша екі ауысымнан ұйымдастырады.
2023 жылғы 5-30 маусым аралығында "Ұшқыр ой алаңы" пікірсайыс қозғалысы аясында бір ауысымда екі маусымды көздейтін "жазғы пікірсайыс академиясы" ұйымдастырылады. Лагерь бағдарламасы "Парасат" пікірсайыс клубының спикерлерінен тренингтер қарастырады.
Маусым айында оқушылар сарайларында қолданбалы өнер, ағылшын тілін үйрену және т.б. бойынша қысқа мерзімді хобби-клубтар құрылады.