Елордада 500-ден аса музыканттың қатысуымен әскери оркестрлер фестивалі өтеді

Іс-шараға Әзербайжан, Үндістан, Қытай, Ресей, Түркия, Өзбекстан және Жапония Қарулы күштерінің музыкалық ұжымдары қатысады. 

Елордада 500-ден аса музыканттың қатысуымен әскери оркестрлер фестивалі өтеді Фото: ortcom.kz

Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Тәрбие және идеологиялық жұмыс департаментінің бастығы әділет полковнигі Тілеухан Басқожаев және Қорғаныс министрлігі аппараты басшысының орынбасары полковник Төлеген Бөлежанов мәлім етті, деп жазады inbusiness.kz. 

Спикерлер "Астана – мәдениет керуені" I Халықаралық әскери-музыкалық әскери оркестрлер фестивалінің бағдарламасымен таныстырды.

Қорғаныс министрлігі елорданың 25 жылдығына орай ұйымдастырып отырған бұл шара бейбітшілік, ынтымақтастық және тату көршілік идеяларын ілгерілетуге арналған.

"Астана – Қазақстанның жетістіктерінің жарқын көрінісі. Бұл мереке –  әрбір қазақстандық үшін қоғамдық-саяси тұрғыда шын мәнінде маңызды және жалпыхалықтық мейрам", – деп атап өтті Тілеухан Басқожаев.

Фестивальге Әзербайжан, Үндістан, Қытай, Ресей, Түркия, Өзбекстан және Жапония Қарулы күштерінің музыкалық ұжымдары қатысады. Бақылаушылар ретінде Астанаға Пәкістан қорғаныс ведомствосының делегациясы келеді.

Халықаралық фестивальге Мемлекеттік күзет қызметінің Президенттік оркестрі, Қарулы күштер Ұлттық әскери-патриоттық орталығының Орталық әскери оркестрі және Ұлттық ұланның үлгілі-көрсетілімді оркестрі қатысады.

"Аталған фестиваль мемлекеттер мәдениеті арасындағы қарым-қатынас пен түсіністік алаңына айналатынына сенімдімін. Мұндай айтулы шара елдердің достық пен өзара ықыласты нығайтуға өз үлесін қосады. Музыкалық ұжымдарға ризашылық білдіретін жаңа тыңдаушылар мен жанкүйерлер табуға мүмкіндік береді", – деді әділет полковнигі Тілеухан Басқожаев.

Оркестрлердің қойылымдары 6 шілдеден 8 шілдеге дейін өтеді. Фестиваль 19.30-да Есіл жағалауындағы жазғы амфитеатрда ашылады. Онда барлық қатысушы 20 минуттық қойылыммен шығатын Band Marathon болады. Жетінші шілдеде сағат 20-да "Бәйтерек" монументі, "Хан Шатыр" сауда ойын-сауық орталығы және Орталық саябақта музыкалық ұжымдардың өнерін тамашалауға болады. Осындай шаралар сегізінші шілдеде сағат 12-де "Барыс Арена" мұз айдыны сарайында басталып, гала-концертпен аяқталады.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу