Астанада осы бағытта түрлі шаруалар жүзеге асып келеді. Мәселен, Астана қаласы маңындағы №1 Индустриялық паркте орналасқан тігін өндірісімен айналысатын "ASTANA Ютария LTD" серіктестігі бар, деп жазады inbusiness.kz сайты.
Тігін компаниясы бір жылда әр мамандыққа арналған 200 мың дана киім өндіруге қауқарлы.
"Кеңсеге арналған классикалық үлгімен қатар, "Жұмысшы мамандықтар жылына" орай өндірістегі басшылық құрамның және жұмысшылардың жұмыс киімін тігеміз. Нақтырақ айтқанда, шахтер, мұнай-газ бен теміржол саласындағы жолсерік азаматтардың және дәнекерлеушілерге арналған арнайы топтамаларымыз бар. Бұлардың кейбірінде жаздық және қыстық үлгідегі нұсқасы қатар дайындалады", – деді компаниядағы өндіріс бөлімінің басшысы Дінайша Бектібаева.
"Индустриялық парк – өз өнімдерін шығаруға, тұрақты жұмыс орындарын ашуға, қаланың дамуына жеке инвестициялар тартуға мүмкіндік беретін елорданың басты өндірістік алаңы. №1 Индустриялық парктің өнеркәсіптік нысандарының инвестициялық портфелі шамамен 121 жобаны қамтиды. Оның ішінде 67 жоба толыққанды жұмыс істеп, 5 347-ден астам жұмыс орны ашылды", – дейді бас директордың технология және әзірлеме жөніндегі орынбасары Гүлнар Игембаева.