Бүгін елорданың Орталық саябағында ауқымды спорттық шара – ASTANA TRIATHLON half турнирі өтеді.
Осыған байланысты бірқатар көшеде көлік қозғалысы уақытша шектеледі.
Жарыс Орталық саябақтан басталып, Ильинка аумағында аяқталады. Қатысушылар келесі үш кезеңнен өтеді:
- жүзу – 1,9 км;
- веложарыс – 90 км;
- жүгіру – 21,1 км.
Іс-шараның өтуіне байланысты, әсіресе веложарыс бағыты өтетін көшелерде қала көшелерінің кейбір учаскелерінде көлік қозғалысы уақытша шектеледі.
Қатысушылар:
- Тұран даңғылына шығып, көпір астымен солға бұрылады;
- Тұран даңғылымен Қорғалжын тасжолына дейін (оң жақ жолақпен) жүреді;
- Қорғалжын тасжолынан оңға бұрылып, айналма жолға дейін жүреді (оң жақ жолақ);
- Айналма жолға солға бұрылып, қарсы бағыттағы жолақпен жүреді;
- Кейін 3 шеңбер бойынша Қорғалжын тасжолынан Қосшы (Қарқаралы) бағытына дейін – сол жақ жолмен жүреді;
- Шеңберлерді аяқтаған соң, қайтадан Қорғалжын тасжолына түсіп, Ильинка жақтан веложолға кіреді.
Мәре сызығы – веложол бойындағы велопрокат тұрағы. Жүгіру кезеңі веложол аумағында өтеді.
Әкімдік қала тұрғындары мен қонақтарынан жол жүру бағытын алдын ала жоспарлап, уақытша өзгерістерді ескеруді сұрайды.