19-20 қазан күндері Нұр-Сұлтан қаласындағы күзгі ауыл шаруашылығы жәрмеңкелерінің маусымы аяқталады, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.
"Ауа-райының қолайсыздығына, сонымен қатар астық жинаудың жалғасуына байланысты Ақмола облысының ауыл шаруашылығы өнімдерінің жәрмеңкесі биылғы жылдың 26-27 қазанынан 19-20 қазанына ауыстырылады. Бұл күні екі өңір – Солтүстік Қазақстан облысы мен Ақмола облысының ауылшаруашылық жәрмеңкесі бірге өтеді",– делінген хабарламада.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, бұл осы жылдың соңғы өңірлік жәрмеңкесі болмақ.
Естеріңізге сала кетейік, күзгі ауыл шаруашылығы жәрмеңкелерінің маусымы тамыз айының соңында басталды. Жәрмеңкеге барлығы 12 облыс қатысты. Аталған жәрмеңкеге өңірлер 3,5 мың тоннадан астам түрлі өнімдер әкелініп, нарықтағыдан төмен бағамен сатылды.