Бас қалада 10 маусымнан бастап балабақшаларға жолдама беру басталады. Бұл туралы қалалық білім басқармасының басшысы Әнуар Жанғозин мәлімдеді.
Басқарма басшысының айтуынша, 10 маусымда жүйеге 17 мың бос орын енгізіледі. Оның 14 мыңы мемлекеттік және жекеменшік балабақшаларға болса, ал қалған 3 мың орын шағын-орталықтар негізінде құжат қабылдайды. Бос орындарды енгізу тәртібі баланың туған жылына байланысты жарияланады. Атап айтқанда, 10 маусымнан бастап – 2016 және 2017 жылғы балалар үшін, 14 маусымнан бастап – 2015 жылғы балалар үшін, ал 19 маусымнан бастап 2013 және 2014 жылғы балалар үшін қолжетімді болады.
Бүгінде Нұр-Сұлтан қаласында 375 мектепке дейінгі білім беру мекемесі бар, онда 50 мыңнан астам бала тәрбиеленуде. Ал, 3 пен 6 жас аралығындағы балаларды мектепке дейінгі біліммен қамту 90%-ды құрады, оның 36%-ы жекеменшік балабақшалардың арқасында мүмкін болды.