"Математикалық клуб" жобасы 2023-2024 оқу жылының басында "Зерделі" зияткерлік дамыту орталығымен бірлесіп ашылып, конкурс негізінде клубқа 101 педагогтер енді. Оның ішінде 61 бастауыш сынып мұғалімдері, 40-ы математиктер.
Жыл бойы олармен оқыту күрделілігі жоғары тапсырмаларды шешу, тест материалдарын әзірлеу, сондай-ақ мұғалімдерді әртүрлі деңгейдегі олимпиадаларға дайындау бойынша семинар-тренингтер жоспарлы түрде жүргізіліп отырды. Бүгінгі күнде математика клубы жетістіктерге жетіп, оң нәтижесін көрсеткен. Атап айтқанда:
- 2023 жылдың желтоқсан айында Алматы қаласында Ресей, Қырғызстан, Өзбекстан және Түркіменстан мұғалімдері қатысқан математика, физика және информатика мұғалімдерінің Х халықаралық шығармашылық байқауында топтық сайысында ІІ орын;
- Республика бойынша 170-тен астам ұстаздар арасында өткен Шоқан Уәлиханов атындағы республикалық шығармашылық байқауда І, ІІІ орын.
- 5-8 сынып оқушылары арасында "Алтын сақа", 10-11 сынып оқушылары арасында "Алтын тұғыр" зияткерлік сайыстарында жүлделі орындар;
Салтанатты іс-шара "Профессор сабағы" жобасымен жалғасты.
"Профессор сабағы" жобасы 2021 жылы бастау алып, жоғарғы оқу орындарының профессорлары "Қазақ тілі", "Қазақ әдебиеті", "Математика", "Физика", "Қазақстан тарихы", "Орыс тілі мен әдебиеті" пәндері бойынша онлайн және оффлайн түрде оқушыларға жан-жақты білім беріп, пандемия кезеңінен кейінгі білімдегі олқылықтарды толтыру жұмыстарын жүргізді.
Ағымдағы жылдан бастап жобаның бағыты өзгертіліп, елорда педагогтерін үздіксіз оқыту мақсатында мектепке дейінгі және орта білім беру ұйымдарының педагогтеріне өткізіле бастады. Жобаға жүзге жуық педагогтер қатысты.Үш айға созылған жобаға үш профессор таңдалынып, әрқайсысы отыз алты сағаттан дәріс оқыды.
Атап айтсақ, Оразахынова Нұрша Алжанбайқызы - педагогика ғылымдарының кандидаты, профессор "Сатылай кешенді оқыту" бойынша дәріс жүргізді. Дәрістен педагогтер алған тәжірибелерін пайдалана отырып " Сатылай кешенді оқыту", "Фонетикалық бiрлiктердi сатылай кешенді талдау" атты әдістемелік құрал жинағын жасап шығарды.
Қайырбекова Айтбала Ибраимқызы - оқу құралының авторы, педагогика ғылымдарының кандидаты "Бала Абай" мен "Абай аманаты" курсы бойынша өз дәрісін өткізді. Нәтижесінде балабақша әдіскерлері "Абай аманаты" атты әдістемелік құрал жасады.
Жұмабекова Фатима Ниязбекқызы - Л.Н Гумилев ЕҰУ атындағы университеттің профессоры, әлеуметтік педагогика кафедрасының доценті, педагогика ғылымдарының кандидаты "Заманауи кәсіби шеберлікті шыңдау" курсын өткізіп, мектепке дейінгі ұйымдардағы заманауи педагогтардың кәсіби біліктілігін арттырудағы инновация және тәжірибе атты жинақ әзірледі.
Бұл оқу құралдары қалалық деңгейде пайдалануға сараптамалық кеңеске ұсынылды.
Осылардың барлығы жиында қорытындыланып, Астана қаласы Әдістемелік орталығының басшысы Сындар Мұратқызы іс-шараны басынан соңына дейін өзі жүргізіп, профессорлар мен қатысушыларға алғыс білдірді. Салтанатты іс-шараның жабылуына ҚР ОМ Білім саласында сапаны қамтамасыз ету комитеті төрағасының орынбасары Мелдебекова Майра Тұрғанбайқызы қатысып, мұғалімдерді оқу жылының соңымен құттықтап, Астана қаласы Білім басқармасының сертификаттары мен алғыс хаттарын табыстады.