Елордада бір күнде 10-нан астам мекеме жауапқа тартылды

880

Карантин режимі бұзылғанын анықтау жөніндегі мобильді топтар күшейтілген режимде жұмысын жалғастыруда. 

Елордада бір күнде 10-нан астам мекеме жауапқа тартылды

Күн сайын олар шектеу шараларын сақтамаған кәсіпкерлік субъектілерін анықтайды. Өткен тәуліктің өзінде 10-нан астам мекеме жауапкершілікке тартылды, деп хабарлайды inbusiness.kz қала әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасап.

Қабанбай батыр даңғылында орналасқан "Alanya" караоке-мейрамханасы келушілерді сағат 22.00-ден кейін де қабылдаған. Бұл белгіленген жұмыс режимін бұзу болып саналады. Ал мекеме ішінде шамамен 70-100 адам болғаны анықталды.

Есіл ауданында мұндай бұзушылықтар "Inforno", "Рыба пила" мейрамханаларында, "Славик, не censored", "Tequila", "Chechil Pub" барларында тіркелді.

Байқоңыр ауданында орналасқан "Какие люди" кафесі, "Beer bro" сыра бары, "Шашлыкофф" гриль-бары карантин режимін сақтамағаны анықталды.

Сарыарқа ауданында "Хива" кафесі де жұмыс тәртібін бұзды, ал Бөгенбай батыр даңғылындағы бильярд бары жұмыс істеуіне тыйым салынғанына қарамастан жұмысын тоқтатқан жоқ.

Жиналған материалдың бәрі әкімшілік шаралар қабылдау және тәртіп бұзушыларды жауапкершілікке тарту үшін санитарлық-эпидемиологиялық бақылау басқармасына жолданды.

Естеріңізге сала кетейік, бұған дейін карантинді жүйелі түрде бұзғаны және нұсқамаларды сақтамағаны үшін сот елорданың 20-дан астам кәсіпкерлік субъектісінің қызметін тоқтатқан болатын.

Нұр-Сұлтан эпидемиологиялық ахуалды бағалау матрицасы бойынша қызыл аймаққа енгеніне бір айға жуық уақыт болды. Қаладағы эпидемиологиялық жағдай тұрақсыз болып отыр. Елорда тұрғындары мен қонақтары, сондай-ақ кәсіпкерлік субъектілері карантиндік шаралар мен санитарлық нормалардың бәрін сақтауы керек, бұл қауіпті вирустың таралу қаупін азайтады.

Сондай-ақ, елордада халықты КВИ-ге қарсы вакцинациялау бойынша белсенді науқан жүргізілуде. Бұл ұжымдық иммунитетті дамытуға мүмкіндік беріп, қалыпты өмірге оралуға көмектеседі.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу