Тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының басшысы Сәкен Есіркеп жиылған қауымды шешім жобасымен таныстырды.
Оған сәйкес, Алматы ауданындағы №А-24 жобалық көшеге көрнекті мемлекет қайраткері Орал Мұхамеджановтың атын, №А-62 жобалық көшеге ҚР халық жазушысы, драматург Сафуан Шаймерденовтің есімін, Абылайхан даңғылындағы Дина Нүрпейісованың жанында орналасқан атаусыз аллеяға "Күйшілер аллеясы" деген атау беру ұсынылды.
Есіл ауданындағы №202 жобалық көшеге – Кеңес одағының батыры Нұркен Әбдіровтің, Е-111 жобалық көшеге – Қазақстанның Халық жазушысы, қоғам қайраткері Шерхан Мұртазаның, Е-324 жобалық көшеге – көрнекті жазушы Дүкенбай Досжанның, Е-325 көшеге – композитор, КСРО Халық әртісі Еркеғали Рахмадиевтің, Е-357 жобалық көшеге – хирург, академик Александр Сызғановтың, Е-577 жобалық көшеге – жазушы Хамза Есенжановтың, Е-579 көшеге – мемлекет және қоғам қайраткері, "Құрмет" белгісінің иегері Қаридин Қарбаевтың, Е-580 жобалық көшеге – мемлекет қайраткері Сабыр Низябектовтің, Е-607 жобалық көшеге – Қазақстанның Халық әртісі Құман Тастанбековтің, Е-608 жобалық көшеге – педагог, Қазақстанның Халық әртісі Шолпан Жандарбекованың, Е-757 жобалық көшеге жазушы, филолог Ақселеу Сейдімбектің есімін беру ұсынылды.
Бұдан бөлек Е-758 жобалық көшеге – БАӘ Президенті, ҚР Бірінші дәрежелі "Достық" орденінің иегері шейх Халифа бен Зайд әл Нахаянның, Е-89 жобалық көшеге – ағартушы, публицист, заңгер Барлыбек Сырттанұлының, Е-890 жобалық көшеге – тарихшы, академик Ермұхан Бекмахановтың, Е -898 жобалық көшеге – әдебиет сыншысы, филолог, ҚР Еңбек сіңірген ғылыми қызметкері Тұрсынбек Кәкішевтің, Қабанбай батыр даңғылындағы "Салтанат сарайы" кешені мен The St. Regis Astanа қонақ үйінің арасындағы атаусыз скверге Ұлыбритания және Солтүстік Ирландия біріккен корольдігінің патшайымы ІІ Елизаветаның есімін беру ұсынылды.
Сарыарқа ауданындағы №20-40 жобалық көшеге танымал жазушы Сәбит Мұқановтың есімін беру көзделген.