Елордада Бірлік күніне орай тағылымды кеш ұйымдастырылды

1062

Нұр-Сұлтанда 1 мамыр – Қазақстан халқының бірлігі күніне орай "Тіл – тұтастық тұғыры" атты рухани-тағылымды кеш өтті, деп хабарлайды inbusiness.kz.

Елордада Бірлік күніне орай тағылымды кеш ұйымдастырылды

Елорда әкімдігі Тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының бас маманы Гаухар Арыстанқызы іс-шараның мақсатын түсіндірді.

"Тағылымды кешті ұйымдастырудағы мақсат – Қазақстан халқының ынтымағын, бірлігін насихаттау, ұлтаралық қарым-қатынасты дамыту, этносаралық қатынас тілі ретінде мемлекеттік тілдің рөлін күшейту. Бүгінде бірлікте, ынтымақта, татулықта өмір сүру маңызды, сонда ғана қоғам дамиды", – деді бас маман.

Ол Қазақстан көп ұлтты мемлекет болып саналатынын, елдің бірлігі берік екенін атап өтті.

"Қазақстандықтар адамдарды ұлтына, діліне, ұлысына, дініне, тіліне бөлмей, бәріне құшағын айқара ашып, бауырым деп қарсы алады. Қазақ елінің бірлігі мен ынтымағы нығая берсін, көк туымыз көгімізде мәңгі желбіресін", – деді Гаухар Арыстанқызы.

Рухани-тағылымды кеште "Қорқыт" этно ансамблі, Қалибек Қуанышбаев атындағы мемлекеттік академиялық қазақ музыкалық драма театрының әртістері, әншілер Алтынай Жорабаева, Құрмаш Мақан, Гүлсім Мырзабекова, Сабыр Гусеинов, Мәди Сыздық өнер көрсетті.

Сондай-ақ іс-шараға Ассамблея құрамындағы этнос өкілдері де қатысты.

Айта кетейік, Қазақстан халқының бірлігі күні мерекесі 1996 жылғы 1 мамырдан бастап атап өтіледі. 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу