Қазақстан халқының Бірлігі күні аясында Триатлон саябағында түрлі этнос өкілдерінің қатысуымен дәстүрлі түрде ағаш отырғызылып, салауатты өмір салты насихатталып, жүгіруден эстафета өтті, деп жазады inbusiness.kz елорда әкімдігінің сайтына сілтеме жасап.
"Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқы Ассамблеясы ХХХІІ сессиясының отырысында саяси модернизациялау және этносаралық келісімінің рөлін айрықша атап өткен еді. Міне бүгін сол шара жалғасын табуда. Бүгінгі мерекеге орай бұл жарыс алғаш рет ұйымдастырылып жатыр", - деп іс-шара барысында Астана қаласы әкімінің орынбасары Есет Байкен тұрғындарды мерекемен құттықтады
"Бүгін біз Қазақстан халқының Бірлігі күнін атап өтіп жатырмыз. Елімізде қоғамдық келісімді сақтау, ұлттық бірлікті нығайту ел болашағының табысты кепілі болып қала беретіні анық. Мереке күні сіздерге және отбасыларыңызға зор денсаулық, табыс және көктемгі көңіл-күй тілеймін!" - деді "Вайнах" шешен-ингуш этномәдени бірлестігі" қоғамдық бірлестігінің төрағасы Башир Солсанов.
Айта кетейік, Қазақстан халқының Бірлігі күніне орай апта басынан бері Астана қаласында 70-ке жуық іс-шара ұйымдастырылды, олардың көпшілігі елорда тұрғындары мен қонақтарына мерекелік көңіл-күй сыйлау үшін ашық алаңдарда өткізілді. Бүгін елорданың төрт алаңында шығармашылық ұжымдар мен қала әртістерінің қатысуымен концерттік бағдарламалар өтіп жатыр. Мерекелік концерт, театрландырылған көріністер, цирк көрсетілімдері, балаларға арналған іс-шаралар, спорттық шаралар және сауда жәрмеңкесі Сарыарқа ауданындағы Қалалық алаңда, Есіл және Нұра аудандары тұрғындары үшін Бәйтерек монументі маңында, Алматы ауданында Бейбітшілік және келісім сарайы жанындағы Амфитеатрда, Байқоңыр ауданы тұрғындары үшін Жазушылар аллеясы алаңында өтіп жатыр.
Салтанатты іс-шараның соңында қатысушылардың бәрі арнайы медальдармен марапатталды.