Елордада бірнеше жыл ішінде 35 мың пәтерлік тұрғын үй кешендері салынады

564

Премьер-министр Асқар Мамин елорданың жаңа шағын ауданында "Нұрлы жер" бағдарламасы аясында салынып жатқан әлеуметтік тұрғын үй құрылысының барысын тексерді, деп хабарлайды Үкімет басшысының баспасөз қызметі.  

Елордада бірнеше жыл ішінде 35 мың пәтерлік тұрғын үй кешендері салынады

Бірнеше жыл ішінде мұнда жалпы ауданы 1,9 млн м² болатын 35 мың пәтерлік тұрғын үй кешендері салынады. Қазіргі таңда 200 мың м² (4073 пәтер) ауданымен тұрғын үй құрылысы жүргізіліп жатыр, онда 1000-нан астам адам жұмыс істеуде, жұмыс ірі панельді үй құрылысы саласындағы озық әзірлемелерді қолдана отырып, екі ауысымда атқарылып жатыр. Тұрғын үй кешендерінің бірінші кезегі биыл пайдалануға беріледі.

Үкімет басшысы барлық құрылыс жұмыстарын сапалы орындап, нысандарды жоспарланған мерзімде пайдалануға беруді тапсырды. 2020 жылдың 10 айында Нұр-Сұлтан қаласында 2 млн м² астам тұрғын үй пайдалануға берілді.

Осы жылдың соңына дейін қолжетімді баспанадан 8 мыңға жуық пәтер қосымша пайдалануға беріледі. Оның ішінде 966 пәтер жалдамалы тұрғын үй үшін (616 – аз қамтылған отбасыларға, 350 – жұмыс істейтін жастарға),  мұғалімдер, дәрігерлер, полиция, өртке қарсы қызмет қызметкерлері, мәдениет және спорт саласының мамандары үшін 1000 пәтер сатып алынады. 2021 жылы елордада 10 мыңға жуық әлеуметтік тұрғын үй пәтерін пайдалануға беру көзделген. Қазақстанда 2020 жылдың қорытындысы бойынша жалпы ауданы 15 млн м² болатын 150 мың тұрғын үйді пайдалануға беру жоспарланған.

ҚР-да жалға берілетін және несиелік пәтерлермен халықтың әлеуметтік осал топтары, жастар, бюджеттік ұйымдардың қызметкерлері қатарынан 35 мыңнан астам отбасы қамтамасыз етіледі.

Инспекциялық сапарға Премьер-министрдің орынбасары Р. Скляр, Нұр-Сұлтан қаласының әкімі А.Көлгінов, Индустрия және инфрақұрылымдық даму бірінші вице-министрі Қ.Өскенбаев және т. б. қатысты.

 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу