Оқу орны ЭКСПО кешенінде орналасады. Әзірге оқудың ақысы пысықталып жатыр. Гранттар да бөлінеді, деп хабарлайды 24.kz.
Бастапқыда университетке мың студент қабылданады. Кейін білімгерлердің қатарын 2 жарым мыңға дейін арттыру жоспарланып отыр. Оқытуға шетелдік мамандар да тартылады.
Жаңа университетте жастар екі бағдарлама бойынша дайындалады. Біріншісі – жедел инновациялық, екіншісі – қайта даярлау бағдарламасы.
IT-университет төрт мектептің негізінде жұмыс істейді. Олар: киберқауіпсіздік, компьютерлік ғылым, индустриалды инжиниринг және IT-менеджмент.
"Жаңа университет ақпараттық теxнологиялар саласындағы әлемнің үздік жоғары оқу орындарымен бірлесіп ашылады. Бүгінде қайта жабдықталып жатқан "С-1" павильонының аумағы 24 мың шаршы метрден 35 мың шаршы метрге дейін ұлғайтылады. Барлық шаралар ағымдағы жылдың 1 қыркүйегіне дейін аяқталады", – дейді ұлттық компанияның IT және жаңа теxнологиялар департаментінің бас менеджері Замир Ыбыраев.