Қалалық әкімдік пен ҚР бокс федерациясының президенті Кеңес Рақышевтің қолдауымен елордада тұңғыш рет ашылған бокс орталығында бір уақытта 500-ден аса адам спортпен шұғылдана алады. Сондай-ақ "Астана-Арена" спорт кешенің жанынан ашылған орталық заманауи құралдармен жабдықталып, жүгіру жолы да төселген.
Көркем гимнастикадан жаттығу "Думан" қонақүйінде, "Аспан" спорт кешенінде және Назарбаев университетінде жүргізіледі, сол сияқты "Тәуелсіздік" сарайында тағы бір көркем гимнастика орталығы ашылды.
Жирентаев көшесі 6/1 мекен жайында ашылған жекпе-жек залының жалпы ауданы 650 шаршы метрді құрайды. Аталған залда олимпиадалық емес 8 спорт түрі қамтылған. Олардың ішінде: панкратион, джиу-джитсу, грэпплинг, самбо, киокушинкай-кан каратэ, шинкиокушинкай каратэ, кикбоксинг және қазақ күресі секілді спорт түрлері бар.
Нұр-Сұлтан қаласы құрамасы және спорт мектептерінің спортшылары үшін аталған орталықтарда жаттығу бәріне бірдей тегін жүргізіледі.
Естеріңізге сала кетейік, спорт мектептеріне қабылдау әр жылдың қыркүйек-қазан айларында жүргізіледі. Арнайы іріктеуден өткен балалар Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігіне қарасты спорт мектептерінде спортпен тегін шұғылдана алады.