Елордада демалыс күндері автобус жүрмейді

730

Елорданың бас мемлекеттік санитарлық дәрігерінің қаулысына сәйкес қоғамдық көліктің жұмысы сенбі және жексенбі күндері дезинфекциялық өңдеу жүргізу үшін тоқтатылады, деп хабарлайды inbusiness.kz Нұр-Сұлтан әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасап.

Елордада демалыс күндері автобус жүрмейді

Сенбі және жексенбі күндері дезинфекторлар автобустарды бірнеше рет ауқымды түрде өңдейді.

"№3 автобус паркінде 2019 жылдан бері жұмыс істеп келемін. Пандемия басталысымен дезинфекторларға арналған оқудан өттім. Мұнда алты дезинфектор ауысыммен жұмыс істейміз. Автобустар жуылған соң ғана дезинфекцияланады, содан кейін дымқыл тазалау жүргізіледі. Біз тұтқаларды, орындықтарды, жолаушылар жиі ұстайтын жерлерді сүртеміз. Бір ауысымда орта есеппен 40 автобусты өңдейміз", - деді автопарктің дезинфекторы Әсемгүл Қасенова.

Оның айтуынша, жұмыс күндері әр автобус күніне кемінде екі рет өңделеді. Ал дезинфекциялық өңдеуден өтпеген көлік желіге шығарылмайды.

Естеріңізге сала кетейік, қоғамдық көлікте маска режимін қатаң түрде сақтау талап етіледі. Маскасыз кіруге тыйым салынады. Ал жолақысы қолма-қол ақшасыз төленеді.

Айта кетейік, Нұр-Сұлтанда коронавируспен жұқтырғандар саны күн сайын көбейіп барады. Күн сайын КВИ жұқтырған 1000-нан астам науқас анықталады. Эпидемиологиялық жағдайға байланысты қала тұрғындары мен қонақтары саннормалар мен гигиена ережелерін қатаң сақтап, адам көп жиналатын орындарға бармауға тиіс.

Бүгінгі таңда Нұр-Сұлтанда COVID-19 вакцинасының бірінші компонентін 325 мыңнан астам адам алды, ал 215 мыңнан астам адам толық иммундаудан өтті.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу