Елордада екі жаңа экопарк салынады

781

Соның бірі Талдыкөл көлінің жанында болады.  

Елордада екі жаңа экопарк салынады

Нұр-Сұлтанда екі экологиялық саябақ салынады, деп хабарлады қалалық сәулет, қала құрылысы және жер қатынастары басқармасы.

Жоспарланған аумақ қаланың оңтүстік-батыс бөлігінде орналасқан. Оның аумағы - 5700 гектар.

Сондай-ақ аумақ бойында болашақ биологтар мен орнитологтар үшін көру алаңдары мен эксклюзивті білім беру орталықтарын салу жоспарлануда. Осылайша, инфрақұрылымды құру кезінде Талдыкөл саябағы экологиялық туризмді дамыту орталығына айналуы мүмкін.

"Астана бас жоспары" ҒЗЖИ" ЖШС қызметкерлері Қазақстанның биоалуантүрлілігін сақтау қауымдастығымен бірге Ұлыбританиядағы әріптестерімен бірлесе отырып Лондонның батпақты су айдыны орталығы, Rainham Marshes табиғи паркі, Шервуд орманы, Minsmere Reserve қорығы үлгісінде табиғи саябақтарды жобалау мен салудағы халықаралық тәжірибені зерттеп, жетекші орнитолог мамандармен кездесулер өткізді.

Табиғи саябақтың құрылуы Қызыл кітапқа енген жануарлар мен сирек кездесетін құстардың табиғи ортасын сақтауға мүмкіндік береді.

Талдыкөл – тарихи маңызы зор орнитологиялық аймақ. Маусымдық қоныс аудару кезеңінде көлде және оған жақын жерлерде құстардың 200-ге жуық түрлерін көруге болады. Олардың арасында пеликан, ақ құйрық, сұңқылдақ аққу, ақ құйрықты бүркіт бар. Ботаникалық зерттеулер нәтижесінде көлдерге іргелес жерлерде 98 өсімдік түрі тіркелді.

Майбалық көліндегі екінші экопарк те сол сияқты тартымды орын болмақ (әуежай бағытының оңтүстік-шығыс жағы). Оның жалпы ауданы – 400 гектар, су қоймалары – 120 гектар. Саябақ кешенінде балық аулауға арналған жасанды су қоймалары, ерекше қорғалатын жағалау аймақтары, серуендеу және велосипед жолдары, спорттың белсенді түрлері үшін аймақтар және аумақтың бірегей экожүйесін сақтауға арналған алаңдар құру қарастырылған.

Туристерді жануарлар дүниесінің алуан түрімен таныстыруға арналған экологиялық маршруттар мен соқпақтар жасау жоспарлануда.

Майбалық көлінен шығысқа қарай орналасқан аумақта туристер мен қала тұрғындары үшін тартымды заманауи табиғи аймақ ұйымдастырудың әлеуеті жоғары. Ұсынылып отырған аймақ барлық табиғи ерекшеліктерді – климатты, флораны, фаунаны ескере отырып, экологиялық парк құруға қолайлы. Бұл территорияда өсімдіктердің 100-ге жуық түрі өседі, құстардың 200-ден астам түрі тіршілік етеді. Оның ішінде ұя салатын және жыл құстары, сүтқоректілердің 30-дан астам түрі бар. Бұл ауданда балық өсіру жоспарланып отыр. Саябақта балық мейрамханасы жұмыс істейді.

Саябақтың ерекшелігі – мұнда мекендейтін жануарлар мен құстардың еркін жағдайда және жергілікті табиғат зонасына тән болуы.

Ат спорты клубын ашу жоспарлануда. Бұл дегеніміз, саябақ аумағын ат үстінде аралауға болады. Майбалық көлінің аумағы ерекше қорғалатын аймақ болады. Одан шығатын арналар "тірі артериялар" сияқты барлық азаматтарға көлге емін-еркін жетуге мүмкіндік береді. Болашақта орман саябағы қарқынды дамып келе жатқан қаланың жасыл орталығына айналады. Бұл елорданың жасыл капитал идеясын жалғастыру үшін маңызды қадам.

Қазақстандық биоалуантүрлілік қауымдастығы жобаға сараптамалық қолдау көрсетеді. Қажет болса, шетелдік мамандар тартылады. Қауымдастық пен RSPB қызметкерлері биологиялық және ландшафттық әртүрлілікті түгендеуге бағытталған бірқатар ғылыми зерттеулер жүргізеді. Олардың жұмысының нәтижелері экологиялық паркті құрудың келесі кезеңдеріне негіз болады.

"Бүгінде қала "Нұр-Сұлтан – жайлы қала" бас жоспары аясында дамып келеді. Осы құжаттың міндеттерінің бірі – елорда тұрғындары мен қонақтарының жайлылығы үшін тартымды орталықтар құрып, ішкі туризмді дамыту. Осындай эко-парктер Нұр-Сұлтанның жасыл белдеуін қалыптастыру жобасына сәйкес келеді және демалушылардың сүйікті орнына айналуы мүмкін. Жобаның тұжырымдамасы – барлық биоалуантүрлілік пен табиғи көріністермен белгілі бір қорғалатын аумақ құру. Экологиялық туризмді ат маршруттарын құра отырып дамыту жоспарлануда. Осы мақсатта саябақтың қонақтары үшін арнайы соқпақтар жасалады", – дейді сәулет, қала құрылысы және жер қатынастары басқармасының басшысы Нұрлан Уранхаев.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу