Нұр-Сұлтан қалалық жастар саясаты мәселелері басқармасы елорда тұрғындары арасында "Ең үздік жас отбасы" байқауын өткізіп жатыр. Қатысушылардың өтінішіне байланысты өтініш қабылдау уақыты ұзартылды, деп хабарлайды әкімдіктің ресми сайты.
“Байқауға қатысушылардың саны - әзірге 30 отбасы. Бірақ қазіргі кезде конкурсқа қызығушылық білдірушілер саны артып келеді. Бұл шараны ұзартудың ең басты себебі - қатысушылардың өтініші. Шарт бойынша бірінші кезең әлеуметтік желіге видео дайындап, жариялау болатын. Мұндай жұмыстарға байланысты уақыт қажет болып отыр”, - дейді Жастар саясаты мәселелері басқармасының бөлім басшысы Бақытжан Жүнісбеков.
Байқау 4 кезеңнен тұрады. Бірінші кезеңде жас отбасы қатысуға өтініш жіберіп, бейне визиткасын жариялайды. Бейне визитканың тақырыбы: “Бұл жарыста неге біз жеңіске жетуіміз керек?” Алайда қалған кезеңдердің шарты мен ережесі әзірге жарияланбады.
“Біз барлық қатысушыларға бірдей қызық болуы үшін, алдын-ала дайындалып алмас үшін әзірге байқау шарттарын құпияда ұстап отырмыз”, - дейді Бақытжан Жүнісбеков.
Конкурсқа қатысуға елордалық жас отбасылардың әлі де мүмкіндігі бар. Elorda.otbasy@gmail.com электронды поштасына немесе +77772734383 (Камила) нөміріне Whats App арқылы жіберілуі керек.
Естеріңізге салай кетейік, жүлде қоры бірінші орын үшін – 500 000 теңге, екінші орын үшін – 350 000 теңге, үшінші орын үшін – 250 000 теңге.
Финалға шыққан 7 отбасыға ынталандыру ретінде 100 000 теңгеден беріледі.