Елордада енді "Нұра" аталатын жаңа аудан, БҰҰ алаңы және Забикуллин көшесі болады

692

Бұл мәселелер Астана қалалық мәслихатының кезектен тыс сессиясында талқыланды деп жазады inbsuiness.kz.    

Елордада енді "Нұра" аталатын жаңа аудан, БҰҰ алаңы және Забикуллин көшесі болады Фото: el.kz

Астана қаласында құрылған жаңа ауданға ат беру туралы Астана қалалық тілдерді дамыту және архив басқармасының басшысы Сәкен Есіркеп баяндама жасады. Қалалық Тілдерді дамыту басқармасы жанындағы ономастика комитетінде жаңа ауданға атау беру мәселесі талқылаудан өткенін айтты. Оған сәйкес, сол жағалаудағы жаңа құрылған ауданға "Нұра" атауын беру ұсынылған. Сәкен Есіркептің сөзінше, Нұра өзеннің атауы, "Есіл-Нұра" қос өзеннің атауы, қазақы таным үшін маңызды.

"Сол жағалаудағы Қабанбайдың бір жағында "Есіл", бір жағында "Нұра" ауданы болса егіз ұғым ретінде сәйкес келеді ғой, деген шешімге келдік. Жалпы "Қос өзен" мәдениеті бізде ғана емес, әлемде бар. Тигр мен Ефрат бар, Инг пен Ганг бар. Бізде де Есіл мен Жайық, Сырдария мен Амудария бар. Шу мен Таластың арасында Қазақ хандығы құрылған. Осы себептен Нұра мен Есілді қатар қойсақ, символдық тұрғыда дұрыс келеді ғой деп ойладық", деді Сәкен Есіркеп.

Астана қалалық Мәслихатының депутаттары бұл шешімді бір ауыздан қолдады. Енді бұл шешім Үкімет жанындағы ономастика комиссиясына жолданады.

Сондай-ақ, Астана қалалық тілдерді дамыту және архив басқармасының басшысы Сәкен Есіркеп сол жағалаудағы 38-ші көшеге "Әл-Фараби" атауын беру және "E583" аталатын көшеге жақында ғана өрт сөндіру барысында алған жарақатының салдарынан көз жұмған өрт сөндіруші Асқар Забикуллиннің есімін беру туралы да ономастика комитетінің ұсынысын талқыға салды.

"Бұл жерде бұған дейін де өрт сөндіріп қайтыс болған Ғазиз Байтасовтың, Сәбит Әбеевтің және бірнеше батырлардың есімдері берілген көшелер бар. Сондықтан мазмұндық жағынан сәйкес келеді ғой деп ойлаймыз", деді Сәкен Есіркеп

Сәкен Есіркеп сонымен қатар, елордада БҰҰ алаңын ашу туралы да мәслихат депутаттарына ұсыныс жасады. Бұл ұсыныс СІМ тарапынан түскен. Оған себеп, алдағы жылы наурыз айында БҰҰ Бас хатшысы Антонио Гуттериш Қазақстанға келеді деп жоспарланып отыр. Сондықтан, Ә.Бөкейхан көшесінің басталар тұсындағы шағын ғана саябаққа БҰҰ алаңы атауын беру ұсынылды.

Бұл ұсыныстарды да елорда мәслихаты бірауыздан қолдады.

 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу