Нұр-Сұлтан қаласының әкімі Алтай Көлгінов Instagram парақшасында коронавируспен күрес қалай жүріп жатқанын мәлім етті, деп хабарлайды inbusiness.kz.
"Елорда – 21 күн бойы "қызыл белдеуде". Соңғы күндері тәулігіне 400-ге жуық індетке шалдығу жағдайы тіркеліп отыр. Балалар мен зейнеткерлер арасында инфекция жұқтыру жиіледі. Инфекциялық стационарлардағы төсек-орын жүктемесі 65%-ке жетті. ПТР-зерттеумен тұрғындарды қамту үшін қалада 24 зертхана жұмыс істеп жатыр. Олардың тәуліктік қуаты – 12 мыңнан астам.
Медицина қызметкерлері, тәртіп сақшылары, мұғалімдер, еріктілер мен басқа да қала тұрғындары – коронавируспен күресте бір жылдан астам уақыт бойы алдыңғы шепте келеді. Өкінішке қарай, кейбір қала тұрғындары коронавирусты жеңе алмады.
Күн сайын науқастар реанимацияға түсіп жатыр. Көпшілігінің денсаулық жағдайы өте ауыр деп бағаланып отыр. Бұл вирусты жеңу оңай емес. Адамдардың өмірі мен денсаулығына нұқсан келтіретін вирус.
Барша тұрғыннан сақ болуды, өз денсаулығымыз бен айналадағыларымыздың денсаулығына немқұрайды қарамауды сұраймын. Сыртқа шыққан соң айналаңыздағы адамдарға қараңыз. Біреудің санитария нормаларын сақтамауы басқалардың денсаулығына, тіпті өміріне әсер етуі мүмкін. Баршаңызды санитарлық-эпидемиология талаптарын қатаң сақтауға шақырамын: маска тағып, адам көп жиналатын орындарға бармау керек.
Жыл басынан бастап вакцинация басталды. Бірінші болып вируспен күресте алдыңғы шепте жүрген медицина, полиция қызметкерлері, мұғалімдер вакцина алды. Халықты вакциналау сәуір айының ортасынан басталады деп жоспарлап отырмыз. Ұжымдық иммунитет арқылы ғана вирусты жеңуге болады.
Қазір қалада бірқатар қосымша карантиндік шектеулер қабылданды. Бұл коронавирустың таралу қаупін азайтуға, азаматтарды қорғауға мүмкіндік береді", — деп жазды елорда әкімі.