Елордада есірткі сататын 4 жасырын интернет-дүкен жойылды

958

Жыл басынан есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл бөлімшелері қызметкерлерімен есірткі жарнамалайтын және сататын 915 сайт бұғатталды.

Елордада есірткі сататын 4 жасырын интернет-дүкен жойылды

Елордада есірткі сататын төрт жасырын интернет-дүкен жойылды, деп хабарлайды inbusiness.kz ІІМ ақпараттық сайтына сілтеме жасап.

Жақында елорда тұрғындары Жангелдин және Желтоқсан көшелерінің қиылысында полиция қызметкерлерінің 23 жастағы есірткі сатушыны ұстауына куә болды. Нұр-Сұлтан қаласы ПД есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл бөлімшесінің жедел қызметкерлері Telegram мессенджерінде төрт жасырын интернет-дүкеннің әкімшісі болған және қала аумағында синтетикалық есірткіні өзі сатқан жергілікті тұрғынды ұстады.

Күдікті елорда аумағында синтетикалық есірткілерді жеткізумен және өткізумен айналысатын және “Рефлекс” арнайы операциясы аясында ұсталған адамдар тобының әлеуметтік желілердегі байланыстары мен аккаунттарын зерделеу кезінде полицияның назарына ілікті. Ұсталған кезде одан 5 банк картасы, үш ұялы телефон тәркіленді. Тінту барысында аталған телефондарға клиенттерден есірткі сатуға тапсырыстар түсіп жатты. Ұсталған азаматтың пәтерінде сейфте сатуға дайындалып қойған мефедрон салынған 64 түйір бума, 28 МДМА таблеткасы, сондай-ақ үш электрондық таразы, буып-түю материалы, 10 млн теңге және 23 мың АҚШ доллары сомасындағы ақша табылды.

Сонымен қатар бір мезгілде Кравцов көшесінде есірткі өткізушімен байланысы бар 24 жастағы бойжеткенді ұстау жүргізілді. Оның жалдап отырған пәтерінен өткізу үшін дайындалған мефедронның 36 түйіні және есірткіні өлшеп-орауға арналған құрылғылар тәркіленді.

Сембинов көшесіндегі үйдің ауласынан есірткі жасырылған 5 орын жойылды.

Елордалық полицейлерінің жедел жұмысының нәтижесінде қала аумағында есірткі сататын төрт интернет-дүкен қызметінің жолы кесіліп, жойылды, синтетикалық психобелсенді зат – мефедронның 200-ге жуық бір реттік дозасы тәркіленді. Аталған фактілер бойынша ҚР ҚК-нің 297-бабының 3-бөлімі (Есірткі заттарды өткізу мақсатында заңсыз дайындау, сатып алу, сақтау немесе алдын ала сөз байласу бойынша адамдар тобының өткізуі) бойынша қылмыстық іс қозғалды. Ол мүлкін тәркілеумен 10 жылдан 25 жылға дейін бас бостандығынан айыру түріндегі қылмыстық жауапкершілікіті көздейді.

Ұсталғандарға есірткі интернет-дүкендерін әкімшілендіру бойынша құқықтық баға сотқа дейінгі іс жүргізу барысында берілетін болады.

ІІМ Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл департаменті бастығының орынбасары Асқар Мұхаметқалиев түсіндіргеніндей, бүгінде полицияның негізгі күш-жігері синтетикалық есірткі саудасын ұйымдастырушылар мен ірі сатушыларды бейтараптандыруға  және жауапқа тарту бағытталған.

Естеріңізге сала кетейік, 2019 жылы Мемлекет басшысының тапсырмаларын орындауда ел заңнамасына электрондық коммуникациялық жүйелерді пайдалана отырып жасалған есірткі қылмысы үшін қылмыстық жауапкершілік енгізілген болатын. Бұл қылмыстар бас бостандығынан айырудың ұзақ мерзімдері белгілене отырып, ауыр және аса ауыр қылмыстар санаттарына жатқызылған.

Жыл басынан есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл бөлімшелері қызметкерлерімен есірткі жарнамалайтын және сататын 915 сайт бұғатталды.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу