Елордада Фариза Оңғарсынова атындағы жаңа көше ашылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Ақын есімі ЭКСПО-2017 маңында "Вена орамы" тұрғын үй кешені жанындағы жаңа көшеге берілді. Салтанатты ашылуға қоғам қайраткерлері, депутаттар және ақынның оқырмандары жиналды.
"Қазақтың ақыны, дара қызы Фариза апамыздың көшесіне келгендеріңіз үшін рахмет. Өткенді ұмытпай, еске алып, жаңа көшелердің біріне Фариза апамыздың есімін беріп отырмыз. Фариза Оңғарсынова өткір сөздерімен Совет әдебиетінде өз орнын қалдырды. Апамыз Парламент қабырғасында да халықтың мұңын жоқтап, көп еңбек сіңірді. Сондықтан, қазақтың осындай ұлы қызының есімін көшеге беру келесі ұрпаққа да тәрбиелік маңызын береді деп ойлаймын. Апамыздың аты мәңгі өшпесін. Бүгін түсте Фаризаның рухына ас береміз, қазір зиратына барып құран бағыштаймыз. Осы көше апамыздың есімімен даңғыл жолға айналсын", - деді Нұр-Сұлтан қаласы әкімінің орынбасары Бақтияр Мәкен салтанатты ашылу рәсімінде.
Сонымен бірге, ашылуға келген жазушы және қоғам қайраткері Алдан Смайыл Фариза Оңғарсынова туралы естеліктерімен бөлісті.
Жаңа көшені ақынның ұлы Алмас Оңғарсынов пен Нұр-Сұлтан қаласы әкімінің орынбасары Бақтияр Мәкен салтанатты түрде ашты.