Астанада ССС-4, газбен жұмыс істейтін жылу станциялары және КТҚ-2 салынып жатыр. Бұл туралы қала әкімі Жеңіс Қасымбек Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте айтты, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
"Осыған дейін үшінші ауыз су станциясының (ССС‑3) және Астана су қоймасынан тартылған екінші су құбыры желісі құрылысының аяқталуы нәтижесінде қалаға тәулігіне қосымша 100 мың куб метрден астам ауыз су жеткізілді. Биыл ССС‑4 станциясының құрылысы басталды, ол қаланы алдағы онжылдықтар бойы тұрақты сумен қамтамасыз ететін болады.
Сонымен қатар кәріз-тазарту құрылысының (КТҚ-1) қуаты ұлғайтылуда, сол сияқты КТҚ-2 құрылысы басталды. Сондай-ақ қалада Көктал, Өндіріс елді мекендерінде және Индустриялық паркте жергілікті тазарту құрылысын салу жобаларын іске асыру қолға алынды", – деді Жеңіс Қасымбек.
Аталған жобаларды 2028-2029 жылдарға дейін аяқтау жоспарланып отыр. Нәтижесінде су бұру мәселесі толық шешіледі.
"Жаңа жылу көздерін іске қосу нәтижесінде жылу жүйесінің қуаты 34%-ға артты, артық қуат көлемі сағатына 500 гигакалорияны құрайды. Қазіргі жылыту маусымы штаттық режимде өтіп жатыр. Мәселен, бүгінгі күні ауа температурасы -20°C болған кезде жылу қорының профицит мөлшері сағатына 1500 Гкал/сағ жетіп отыр.
Жылу қуатын сақтау үшін "Тельман" жаңа газ жылу станциясының құрылысы жүргізіліп жатыр. Сонымен қатар ЖЭО-2-ні кеңейтуге дайындық басталып, ЖЭО-3-тің екінші кезегін жобалау жұмысы қолға алынды. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес елорданы газдандыру жұмысы аяқталуға жақын. Қамту деңгейі 95%-ға жетті, газ 14 елді мекенге тартылды. Келесі жылы бұл көрсеткішті 100%-ға жеткіземіз", – деп атап өтті Астана қаласының әкімі.