16 маусымда елордалық Орталық саябақта Халықаралық тоқу күніне орайластырылған фестиваль өтеді.
Фестивальге бізбен және ілгекпен тоқи алатындар да, тоқуды үйренгісі келетін де елорда тұрғындары мен қонақтары шақырылады. Тоқу өнерін енді ғана меңгеретін жандар үшін тоқу, иіру және киіз басудан тегін шеберлік сабақтары ұйымдастырылады.
Елорданың мәдениет және спорт басқармасының хабарлауынша, бұдан басқа, шара барысында қонақтар ашық аспан астында өтетін йога және самба-jumping сабақтарына қатыса алады. Алаңда кітап оқуға құмар жандар үшін әткеншектер орнатылады, селфи жасауға арналған аймақтар жасалады, түрлі конкурстар мен концерттік бағдарлама өткізіледі.
Айта кетейік, Тоқу фестиваліне қатысушылар қайырымдылық шараға да үлес қосады. Олар мерзімінен бұрын туған сәбилерге киім тоқиды және өз қолдарымен жасаған бұйымдарын онкологиялық ауруларға шалдыққан балаларға тарту ете алады.