Елордада жаңа перинаталдық орталықтар салынады

553

Астанада бірқатар медицина нысандары салынбақ. Бұл туралы Алтай Көлгінов қаладағы медицина мекемелері басшыларымен өткен кездесуде хабарлады, деп жазады inbusiness.kz қала әкімінің әлеуметтік желідегі парақшасына сілтеме жасап.  

Елордада жаңа перинаталдық орталықтар салынады Фото: gov.kz

"Елордадағы ауқымды жобалардың бірі – "№3 көпсалалы қалалық аурухананың" "Ramada Plaza" ғимаратына көшуі. Ескі теміржолшылар ауруханасының аумағына жаңа перинаталдық орталық салынады. Себебі бұл шағын ауданда аталмыш мәселе (Сарыарқа ауданы) өте өзекті. Бұдан бөлек Алматы ауданында "№1 көпсалалы қалалық ауруханасының" жанында тағы бір перинаталдық орталық бой көтереді", - деді әкім.

Шаһар басшының хабарлауынша, бірқатар медицина мекемелеріне жөндеу жүргізілмек. Бұдан бөлек "Жағалау-3" және "Нұрлы жол" вокзалы ауданында амбулаториялық-емханалық кешендердің, Көктал-1, Пригородный, Телман және т.б. елді мекендерде алғашқы медициналық-санитарлық көмек орталықтарының құрылысы жоспарланған көрінеді.

"Соңғы үш жылда 40 "Үй жанындағы дәрігер" нысаны ашылды. Оның ішінде 7-еуі елді мекендерде орналасқан. Жыл аяғына дейін тағы 10 нысан ашуды жоспарлап отырмыз. Оған да жеке инвестицияларды тартамыз", - деп жазды Алтай Көлгінов.

Бұдан бөлек әкім кадрларды тарту үшін арнайы гранттар бөлінетінін де атап өтті. Мәселен, биылғы оқу жылында 250-ге жуық грант бөлінген екен. Сонымен қатар медицина қызметкерлеріне арнап жатақхана салу жоспарланған.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу