Елордада карантинді кезең-кезеңімен жеңілдетуге дайындық жүргізілуде

783

Шектеулер біртіндеп алынады.

Елордада карантинді кезең-кезеңімен жеңілдетуге дайындық жүргізілуде

Бүгін Нұр-Сұлтан қаласы әкімінің орынбасары Бақтияр Макеннің төрағалығымен төтенше жағдайлардың алдын алу және жою жөніндегі қалалық комиссиясының қашықтан отырысында карантинді жеңілдетуге дайындық мәселелері талқыланды, деп хабарлады әкімдіктің ресми сайты.

Қала әкімінің орынбасары аурудың таралуына жол бермеу үшін сауда орталықтары, сауда үйлері мен бизнес орталықтар басшыларымен ашылу кезінде карантин шараларын сақтау қажеттілігі туралы түсіндірме жұмыстарын жүргізуді, карантин кезінде қызметті жүргізуге рұқсат алу тәртібін әзірлеуді және кәсіпкерлерге кеңес беруді ұйымдастыруды тапсырды.

"Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша аурудың таралуын төмендету, халық арасында белсенді түрде түсіндіру жұмыстарын жүргізу, карантин және алдын алу шараларын сақтау біздің басты міндет. Шектеулер біртіндеп алынады деп күтілуде. Алайда, кәсіпорындар мен мекемелердің жұмысын жандандыру коронавирусқа дейінгі өмір салтына қайта оралуды білдірмейді. Міндетті түрде маска тағу, әлеуметтік қашықтық пен гигиена талаптары сақталады. Халыққа қызмет көрсететін барлық мекемелер, атап айтқанда, халыққа қызмет көрсету орталықтары, банктер, қызмет көрсету орталықтары әлеуметтік қашықтық белгілерін орнатуы керек. Субъектілердің қызметі қайта басталған кезде, өртке қарсы жұмысты күшейту және өрт қауіпсіздігін қамтамасыз ету қажет. Талаптарды бұзғаны үшін жауапкершілік деңгейі жоғары болуы керек. Сондықтан, тауарлар мен көрсетілген қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаменті аудан әкімдіктерімен бірге барлық кәсіпкерлік субъектілерінің басшыларымен мақсатты түсіндіру жұмыстарын жүргізуі қажет", – деді Б.Макен.

Сонымен қатар қоршаған ортаны қорғау және табиғатты пайдалану басқармасына демалыс күндері қоғамдық орындарда ауқымды дезинфекция жүргізу, қауіпсіздік шараларын сақтау, оның ішінде маска тағу, әлеуметтік қашықтық сақтау бойынша полиция департаментіне рейдтерді жалғастыру тапсырылды.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу