Елордада қарттарға қандай көмектер көрсетіледі

1188

Елордада Қарттар күніне орай 74 145 зейнеткерге 540 млн теңге берілді.

Елордада қарттарға қандай көмектер көрсетіледі

Нұр-Сұлтан қаласының Жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасы тарапынан 84 867 зейнеткерге әлеуметтік көмек көрсетіледі. Қарттар күніне орай 74 145 зейнеткерге жалпы сомасы 540 млн теңге көлемінде жыл сайынғы біржолғы әлеуметтік көмек төленді, деп хабарлайды inbusiness.kz елорда әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасап. 

Хабарламада айтылғандай, зейнеткерлерге біржолғы әлеуметтік көмек Конституция күніне орай да берілген. Жасы бойынша ең төменгі зейнетақы алушыларға, яғни 10 722 зейнеткерге 78 млн 195 мың теңге мөлшерінде ақша төленген. Ал 9 мамыр – Жеңіс күніне орай 4072 адамға жалпы сомасы 201 млн 947 мың теңге көлемінде әлеуметтік көмек берілген.

Бұдан бөлек 205 зейнеткерге қыста көмір сатып алу үшін 9 млн 516 мың теңге көлемінде қаржылай көмек көрсетіліпті.

"Тұрғын үйді газдандыру бойынша газдандыруға жататын жергілікті жеке тұрғын үйде тұратын, жекеменшік иесінің отбасы мүшелері болып саналатын зейнеткерлерге, мүгедектігі бар тұлғаларға, мүгедек балаларға, көпбалалы аналарға және 83 зейнеткерге біржолғы көмек берілді, мөлшері – 262 530 теңге (жалпы 21 млн 790 мың тг). Биыл 2156 зейнеткер Қатаркөл шипажайында ем алды. Оларға жасына байланысты 65-75% жеңілдікпен жолдама берілді. Ұлы Отан соғысының қатысушылары мен мүгедектеріне моншаға, шаштаразға, мәдени, ойын-сауық және спорттық шараларға бару үшін 21 адамға 474 мың теңге көлемінде әлеуметтік көмек көрсетілді. Ұлы Отан соғысының қатысушылары мен мүгедектеріне коммуналдық қызметтерді төлеу жөніндегі әлеуметтік көмекпен 21 адам қамтылды", – деп жазылған хабарламада.

Сондай-ақ тіс емдеу және протез салу әлеуметтік көмегімен жыл басынан бері 1140 зейнеткер қамтылыпты.

"Қазіргі уақытта "Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің "Шарапат" әлеуметтік қызмет көрсету орталығы 480 адамға үйіне барып қызмет көрсетеді. Оның 426-сы – жалғыз тұратын қарт, 54 адам – 1 және 2 топ мүгедектері. Ал мекеменің өзінде 182 қария тұрып жатыр", – делінген хабарламада.

Айта кетейік, елордада Қарттар күнін мерекелеу аясында 20 қыркүйектен бері ардагерлер флешмобы, зейнеткерлер арасында шахмат пен дойбыдан турнир сынды іс-шаралар өткізілді. "Есіл" ауданында үйлерді аралап, зейнеткерлер мен мүгедектерді медициналық тексеруден өткізу ұйымдастырылып жатыр. Сондай-ақ жалғызбасты зейнеткерлер мен ардагерлерге арналған 40 азық-түлік себеті таратылды. Ал білім беру мекемелері қарияларды құттықтап, құрмет көрсетуде.

Сол сияқты қалада волонтерлардың қатысуымен қарттар күніне орай концерттік бағдарламалар, қоғамдық орындарда гүлдер тарату, қарттар үйінде сенбілік, зейнеткерлерге экскурсия өткізу сынды шаралар 3 қазанға дейін жалғасады.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу