Елордада кәсіпкерлікті дамытуға 476 миллион теңге бөлінді

803

Елордада кәсіпкерлікті дамытуға 476 миллион теңге бөлінді

Отбасылық немесе кішігірім кәсіпті дамытамын деген кез келген адам "Нәтижелі жұмыспен қамтудың және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған бағдарламасы" аясында мемлекеттік қолдауға ие бола алады, деп хабарлайды елорда әкімдігінің медиа орталығы. 

"Бұл республикалық жаңа бағдарлама. Ол халықтың жұмыссыздар мен өзін-өзі жұмыспен қамтып отырған бөлігіне арналған. Өзін-өзі жұмыспен қамтып отырған кімдер? Олар жұмысты өздігінен тауып отырғандар. Көп жағдайда өз кәсібі шеңберінде жұмыс істеп отырған,  отбасылық немесе басқа да бір істі жүргізіп отырған адамдар кіреді. Бұл мақсатта тұтас отбасы немесе көршілері, туыстары мен таныстары да жұмылдырыла алады", - деді медиа орталықтың тілшісіне берген сұхбатында Астана қаласының кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасының жетекшісі Рысгүл Қауғабаева.

Спикердің сөзінше, кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасы аталмыш бағдарламаның екінші бағыты – микронесиелендіруді жүзеге асырады.

"Биыл бізге 476 млн теңге бөлінді. Бағдарламаға төрт банк: "Халық банк", "АТФ банк", "Нұрбанк" және "Сбербанк" қатысады. Бүгінде бөлінген қаржы осы банктерге үлестірілді", - деді Рысгүл Қауғабаева.

Бағдарлама шартына сәйкес, несиенің ең жоғары сомасы 8000 АЕК-тен аспайды. Жылдық пайыздық мөлшері -  6%. Сондай-ақ, қатысушы кәсіпкерлер өз ісін жаңадан бастаушылар және жұмыс істеп тұрғандар болып бөлінеді.

"Жаңадан бастаушыларға - кәсібінің басталғанына үш жылдан аспағандар саналады. Олар Кәсіпкерлер палатасында оқыту курсынан өтіп, одан соң Жұмыспен қамту орталығынан жолдама алады. Содан кейін банкке барады. Онда өтініш саудадан бөлек барлық сала бойынша қабылданады.  Егер банк кепілдеме талап етсе, "Даму" қоры кепілдік бере алады. Кепілдіктің 15 % кәсіпкер, ал 85 % кәсіпкерлікті қолдау қоры өз мойнына алады. Ал жұмыс істеп тұрған кәсіпкер үшін кепілдік сомасы  50% құрайды", - деді кәсіпкерлік басқармасының басшысы.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу