Елордада "Қазақ аруы-2019" байқауы өтеді

2737

Үміткерлер қазақ тілінде еркін сөйлеп, әдебиет, тарих салаларын, қазақ халқының салт-дәстүрі мен әдет-ғұрпын білуге тиіс. 

Елордада "Қазақ аруы-2019" байқауы өтеді

Астанада 19 наурызда Бейбітшілік және келісім сарайында "Қазақ аруы-2019" ұлттық сұлулық байқауы өтеді, деп хабарлайды мәдениет және спорт басқармасының баспасөз қызметі.

Байқау Астана қаласы әкімдігінің қолдауымен үшінші рет өткізілмек.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, іріктеу кезеңінде барша Қазақстаннан 16-22 жас аралығындағы 600-ден аса арудың өтінімдері қарастырылған. Кастинг қорытындысы бойынша ақтық сынға тек 16 қыз ғана қатысатын болды. Байқау шарттарына сәйкес, "Қазақ аруы-2019" атануға үміткерлер қазақ тілінде еркін сөйлеп, әдебиет, тарих салаларын, қазақ халқының салт-дәстүрлері мен әдет-ғұрыптарын білуге тиіс. Бұдан басқа, қатысушылар сымбатты, бұрымды, ал бойлары кемінде 170 см болуы керек.

"Қазақ аруы-2019" байқауының бағдарламасы үш кезеңмен өтеді – шығармашылық, интеллектуалдық байқау және қазақстандық дизайнерлер киімдерінің көрсетілімі (дефиле).

Арулар бір жарым айдан бері кәсіпқой мамандардың – хореографтардың, режиссерлердің, дизайнерлердің, визажистер мен стилистердің көмегімен байқаудың финалына дайындалуда.

"Қазақ аруы-2019" анықтау үшін әділ қазылар алқасы белгіленді, оның құрамына Айгүл Мүкей, Динара Сатжан, Қарақат Әбілдина, Болат Мажағұлов, Ерік Жолжақсынов, Арман Сейтмамыт, жоба продюсері Баян Алагөзова, "Қазақ аруы-2018" гран-при иегері Набира Рақымжан және т.б. енді. Қазылар алқасының төрайымы – ҚР Парламенті Сенатының депутаты, қоғам қайраткері Бірғаным Әйтімова.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу