Астанада Жақсылық Үшкемпіров атындағы "Жекпе-жек" сарайында тұңғыш рет қазақ күресінен Әлем чемпионаты өтіп жатыр, деп жазады inbusiness.kz Мәдениет және спорт министрлігінің ресми сайтына сілтеме жасап.
Еліміздің намысын Бекжан Төлепов (55 кг), Марат Нығматуллаев (60 кг), Нұр Аманшүкіров (66 кг), Жұмажан Қожамбеков (74 кг), Айдын Дартаев (82 кг), Тоқтарбек Айдарбек (90 кг), Мұхит Тұрсынов (100 кг) және Нұрдәулет Жарылғапов (+100 кг) қорғайды.
"Қазақ күресі – қазақ халқымен біртұтас, ұлт тарихының ажырамас бөлігі. Күрестің бұл түрі әрқашан өскелең ұрпақты тәрбиелеудің маңызды құралдарының бірі болды және болып қала береді. Бүгінде 142 мыңнан астам адам осы спорт түрімен айналысады. Бұл турнир әлемдік аренада қазақ күресінің одан әрі қанат жаюына тың серпін беретініне сенімдімін", - деді Мәдениет және спорт министрі Дәурен Абаев.
Ақпаратқа сәйкес, бұл 3 жас категориясын (жасөспірімдер, жастар және ересектер) қамтыған алғашқы әлем чемпионаты. Жарыс бағдарламасына сәйкес жасөспірімдер мен жастар 5 салмақ дәрежесінде өнер көрсетеді. Ересектер 12 салмақ дәрежесі бойынша (ерлер – 8, әйелдер – 4) белдеседі.
Жарыстың бірінші күнінде ел спортшылары 3 алтын және 2 қола медаль жеңіп алды. Атап айтқанда, ерлер 82, 90, 100 және +100 келі салмақта белдесті. Ал, әйелдер 75 және +75 келі салмақта кіл мықтыны анықтады. Алтын медальды 82 кг салмақта Айдын Дартаев, 100 кг салмақта Марат Байқамыров, +100 келі салмақ дәрежесінде Нұрдәулет Жарылқапов жеңіп алды. Ал, ерлер арасында белдесуге шыққан Тоқтарбек Айдарбек (90 кг), әйелдер арасында өнер көрсеткен Мөлдір Азамат (+75 кг) қола жүлдені иеленді.
Айта кету керек, дүбірлі дода 14 желтоқсанға дейін жалғасады.