Елордада Қазақстан мен Венгрияның Ауыл шаруашылығы министрлері кездесті

761

Келіссөздер барысында Ауыл шаруашылығы министрлері Сапархан Омаров пен Иштван Нагь ауыл шаруашылығы саласы бойынша ынтымақтастық жөніндегі өзара түсіністік туралы Меморандумға қол қойды.  

Елордада Қазақстан мен Венгрияның Ауыл шаруашылығы министрлері кездесті

Кездесуде тараптар өсімдік шаруашылығы, мал шаруашылығы, аграрлық ғылым және АӨК өнімдерінің өзара саудасы мен инвестиция саласындағы ынтымақтастықтың өзекті мәселелерін талқылады.

Сапархан Омаров әріптесін Қазақстанның қазіргі аграрлық саясатының басымдықтары туралы хабардар етіп, Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша Қазақстан Республикасының агроөнеркәсіптік кешенін дамыту жөніндегі Ұлттық жобаның жаңа тұжырымдамасының негізгі ұстанымдары туралы айтты.

Сонымен қатар, министр бүгінгі таңда ауыл шаруашылығы шикізатын қайта өңдеу, сондай-ақ сапалы, қолжетімді және бәсекеге қабілетті азық-түлік өнімдерін өндіру Қазақстанның АӨК-нің бірінші кезектегі міндеттері екенін атап өтті.

"Венгрияның осы мәселелер бойынша қандай жетістіктерге қол жеткізгенін зерделеп, саладағы ынтымақтастығымыздың одан әрі дамитынына үміт артып отырмыз. Сондай-ақ, АӨК өнімдері бойынша өзара сауда көлемінің ұлғайғаны маңызды деп есептейміз. Пандемияға қарамастан, 2020 жылы екі ел арасындағы тауар айналым 33%-дан жоғары көрсеткішке жетті. Дегенмен, екі ел арасындағы сауданы дамыту әлеуеті әлі толық көлемде ашылған жоқ. Осыған байланысты, министрліктер мен шаруашылықпен айналысатын субъектілер арасындағы байланысты жандандыру қажет деп есептейміз", - деді Сапархан Омаров.

Министрдің айтуынша, өсімдік шаруашылығы саласындағы ынтымақтастықты арттыру үшін Ауыл шаруашылығы министрлігі Қазақстан Республикасында Венгр селекциясының жүгері тұқымын өндіруді дамытуға өте мүдделі.

"Жүгері – жоғары рентабельді дақылдардың бірі. Сұраныс тек экспорттық нарықтарда ғана емес, Қазақстанның өзінде де бар. Бізде екі крахмал-сірне зауыты жұмыс істейді. Олар одан әрі өңдеу үшін жүгеріні үлкен көлемде сатып алуға дайын", - деді министр.

Венгр селекциясының жүгері тұқымдары жоғары сапалық сипаттамаларға ие. Сондықтан, қазақстандық бизнесмендер өндіріске, селекциялық және тұқым тазалау техникасына инвестиция салуға дайын. Ал венгрлік тарап таза әрі сапалы жүгері тұқымын жеткізу ретінде инвестиция салады деп күтілуде.

Ауыл шаруашылығы министрлігі мұндай жобаны субсидиялауға және қаржыландыруға дайын. Тұқым шаруашылығындағы бірлескен жобаны іске асыру – Қазақстанның нарығын ғана емес, Орта Азия елдерін де сапалы тұқыммен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі Мал шаруашылығы саласында Венгриямен ынтымақтастықтың бірден бірнеше бағытын – сүтті мал шаруашылығы мен құс шаруашылығы саласын және қарқынды қой шаруашылығын дамытуды қарастыруда.

Венгрия осы бағыттарда табысты дамығандықтан, қазақстандық тарап венгриялық асыл тұқымды малды, технологиялық жабдықты, сүт өнімдерін қайта өңдеу технологияларын жеткізу, қой шаруашылығы саласында бірлескен ғылыми жұмыстар жүргізу, сондай-ақ инкубациялық материал жеткізу және еліміздің мамандарын оқытуда ынтымақтастықтың жемісті болатынына көз жеткізіп отыр.

Бұдан бөлек, Қазақстан балды брендтеу және сыртқы нарықтарға шығару бойынша Венгр тәжірибесін пайдалануға мүдделі.

Иштван Надь АӨК саласындағы қатынастарды дамытуға деген ұмтылысқа екі тарапта мүдделі екенін айтты. Венгрияның Ауыл шаруашылығы министрлігі де тұқым шаруашылығы саласындағы ынтымақтастықтың болашаға бар екенін байқап отыр. Өйткені, Қазақстанның егіс алқаптарының мүмкіндігі зор. Азық-түлікке деген әлемдегі сұраныс қатты өсіп келе жатқан жағдайында екі елдің мүмкіндіктерін біріктіру жемісті іс болары сөзсіз.

Ол Қазақстан-Венгрия аграрлық байланыстарының тарихы бай екенін, ал достық қатынастардың берік іргетасы мен екі елдің бәсекелестік артықшылықтары ауыл шаруашылығының барлық бағыттары бойынша тұрақты және өзара тиімді өзара іс-қимылды жоспарлауға мүмкіндік беретінін атап өтті.

"Венгрия әлемдегі 6-шы ірі тұқым экспорттаушы ел. Біздің мамандарымыздың кәсіби деңгейі және олардың қол жеткізген нәтижелері халықаралық аренада мойындалған және біз бірлескен зерттеулер, мамандар дайындау және технологиялар трансфері арқылы Қазақстанға пайдалы бола аламыз деп үміттенеміз", - деді И.Надь.

Оның айтуынша, венгриялық кәсіпкерлер де бірлескен қызметке қызығушылық танытып отыр. Өйткені, Қазақстанның географиялық орналасуы Қытайдың үлкен нарығына тікелей шығуға мүмкіндік береді. Соның нәтижесінде экспортын дамытуда негізгі рөл атқара алады.

"Алайда, біздің мақсатымыз экспорттық мүмкіндіктерді арттыру ғана емес, өзара тиімді ынтымақтастықтың негізін қалау. Осы кездесудің арқасында біз кумано-қыпшақ тарихи тамырларына негізделген тамаша байланыстарымызды нығайтып қана қоймай, кәсіби және іскерлік салаларды тарта отырып, тиімді ынтымақтастықты жүзеге асыруға ықпал еткенімізге сенімдімін", - деді мәртебелі қонақ.

 Кездесу соңында Сапархан Омаров пен Иштван Нагь Ауыл шаруашылығы саласындағы ынтымақтастық жөніндегі өзара түсіністік туралы Меморандумға қол қойды. Бұл меморандум сондай-ақ Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университетінің базасында АӨК-те инновацияларды дамыту жөніндегі халықаралық Қазақстан-Венгрия орталығын құру мәселесін де қамтиды.

Орталықты құру – жоғары оқу орындарының және ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің Ғылыми-зерттеу институттары ғалымдарына АӨК-нің өзекті проблемалары бойынша бірлескен ғылыми зерттеулер жүргізуге, кадр даярлауға, мамандардың біліктілігін арттыруға, сондай-ақ жаңа технологиялар трансфертін жүзеге асыруға мүмкіндік береді.

Министрлер АӨК саласындағы Қазақстан-Венгрия ынтымақтастығын дамыту мәселелерін талқылауды Ақмола облысындағы "Родина "Агрофирмасы" ЖШС-не барып жалғастырды. 

Қазақстанға үш күндік сапары барысында Иштван Нагь венгриялық селекцияның жүгері өндірісі бойынша тұқым өсіру шаруашылығын ұйымдастыру мәселесі аясында ҚазҰАУ мен "Антиген" ғылыми-өндірістік кәсіпорнына барады. Сонымен қатар, "KazFoodProducts" ЖШС басшылығымен де кездесуі жоспарланған. 

Министрдің сапарында бизнес-қоғамдастық өкілдері – LAC Holding, Agrofeed Ltd, сондай-ақ Marton Genetics компанияларының басшылары ілесіп жүреді.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу