Келесі жылы тағы 12 мектептің құрылысын жүргізу жоспарланып отыр. Бұл туралы Астана қаласының әкімі Жеңіс Қасымбек Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте айтты, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
"Өткен оқу жылының қорытындысы бойынша рекордты көлемде мектеп салынып, пайдалануға берілді. Атап айтқанда, 66 мың оқушыға арналған 24 оқу орны ашылды. Осы 24 мектептің 16-сы Мемлекет басшысының "Келешек мектептері" ұлттық жобасы аясында салынды. Жаңа оқу жылының басынан бері тағы 9 мектеп өз жұмысын бастады. Ал келесі жылы тағы 12 мектептің құрылысын жүргізу жоспарланып отыр", – деді Астана қаласының әкімі.
Сонымен қатар елордада мемлекеттік балабақшалардың құрылысы қайта жанданды. Биыл мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында 4 балабақшаны пайдалануға беру көзделіп отыр. Ал келесі жылы тағы 5 балабақша ашу жоспарланған, олардың қатарында жекеменшік балабақшалар да бар.
Әкімнің айтуынша, қосымша білім беру нысандары да салынып жатыр. Мәселен, Мұхамедханов көшесінде орналасқан жаңа оқушылар сарайы ашылуға дайын.